Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық бірегейлікті сақтау идеясын жүзеге асыру және ұлы Абайдың-175 жылдық мерейтойына орай «Абай әлемі» атты шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті.
Кемеңгер Абайдың ақындық болмысына терең үңілуге, оның шығармашылық өмірінен ғибрат алып, зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатындағы байқау екі бағытта жалпы білім беретін 8-11 сынып оқушылары арасындағы қашықтан өтті.
Оның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» атты екінші бөлімі, яғни, ақындар мүшәйрасына қатысып, 99 ақынның ішінен оқ бойы озық шығып, республикалық байқауда облыс намысын қорғаған «Көктем» қазақ орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ертай Кеңес жүлделі үшінші орынды еншілеген болатын.
Айталық, қатысушы байқау ережесі бойынша, бірінше кезеңде өзінің ақынға арнаған өлеңін жатқа мәнерлеп оқып, видеоға түсіріп жіберсе, екінші кезеңде әлеуметтік желі арқылы тікелей байланысқа шығып, үш түрлі тақырып бойынша 60 минут ішінде ақынның ізімен өлең шығару қажет.
Міне, жоғары дәрежеде ұйымдастырылған байқауда өнерімен танылып, алдымен ауданның, одан соң облыстың үкілеген үмітін ақтап, жеңіске қол жеткізген Ертайдың өнері өрлеп, ақындық таланты ұштала берсін. Ал жетекшісі мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Абдрахманова оқушыны дайындаудағы жетістігі үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Диас АЙБАР