Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен «Ұстаздық – ұлы қызмет» атты алғысқа толы шара өткізілді.
Мақсаты – мерейлі ұстаздар ұлағатын кейінгі ұрпаққа насихаттау. Алдымен кішкентай бүлдіршіндердің орындауындағы «Маленькая страна» атты әннің ырғағымен ортаға ардагер ұстаздар Сәуле Рахымжанқызы, Гүлнар Ахметова, Балтөре Махметқызы шақырылып, көптің қошеметіне бөленді. Одан соң білім ордасына жиналған ұстаздарды мектеп директоры Айман Қалымқызы мерейлі жастарымен құттықтап, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын жандарға алғысын білдірді. – Шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек. Бүгінде ерекше құрметке лайық ұстаздарымызды құттықтау біз үшін үлкен мәртебе.
Мерейлеріңіз арта берсін, - деп ақ тілегін жолдады. Бұдан әрі «Кері байланыс», «Ашық микрофон» кезеңдері арқылы өзіндік өнегесі мен ұлағаты бір төбе ардагер ұстаздар өздерінің еңбек жолдарындағы қызықты сәттерімен, есте қаларлық оқиғаларымен бөлісті. Ардагер ұстаздар Қабижан Қапизұлы, Бақыт Рахымжанқызы, Әлия Тасқалиқызы мен мектептің аға-буын ұстаздары Виктор Нестрович, Алмажай Әнірқызы да мерей жас иелеріне ақжарма тілектерін, естеліктерін айтып көңілдері бір серпіліп қалды.
Жастар ардагер ұстаздармен бірге әдемі әуенге ортада вальс билесе, оқушы Аймина Шарипова «Анаәке» әнін орындап, ал жас ұстаз Айдана Қапашева мерейтойға арнап Құрманғазының «Балбырауын» күйін тартып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұжымда бірнеше жыл бойы еңбек етіп, кәсіби тұрғыда жетіліп, зейнеткерлікке шыққан мерейтой иелеріне «Сергіту алаңы» айдарында тапсырмалар берілсе, «Тосын сый» айдарында мектептің физика, орыс тілі әдебиеті, тарих, география пәні бірлестіктерінің жетекшілері өздерінің құттықтау тілектерін арнады.
Аппақ тілек пен алғыс жауған күні ардагер ұстаздардың шәкірттері де қалыс қалмай, ұстаздарын құттықтауға ортадан табылды. Олардың бірі апайларына бейнеролик арқылы түлектер құттықтауын жеткізсе, енді бірі гүлшоқтарын ұсынды. Шара соңында Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жарқын Махашқызы барша ардагерлерге алғысын айтып арнайы сыйлық табыстап, шараның ұйымдастырылуына қолғабыс еткен жас мұғалімдер Қайырбек Жеңісұлы, Диана Тұрар, Айкөркем Бақтыгерееваға ризашылығын білдірді.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ