Индер ауданындағы жалпы білім беретін мектептерге 30-ға жуық маман тапшы.
Бұл туралы салалық бөлімнің есеп беру жиынында бөлім басшысының міндетін атқарушы Шарбану Сабирова мәлім етті. Негізінен мамандардың басым бөлігі ауылдық жерлерге керек. Себебі, жоғары білімі бар мамандардың дені ауылдықтарға емес, аудан орталығы, қалаберді қалалық орындарға баруға ниетті екен. Сондықтан ауылдықтар маманға «жарымай» отыр.
Айталық, 2018-2019 оқу жылында ауданға барлығы 8 маман келіп, оның 2-еуіне біржолғы жәрдемақы, ал 6-ауына бюджеттік несиемен баспана берілді. Бірақ сол сегіздің біреу ғана Махамбет атындағы орта мектепті таңдаса, қалғаны аудан орталығындағы білім ордаларына жұмысқа кіріскен. Сондай-ақ жаңадан пайдалануға берілген Ә.Кекілбайұлы мен М.Мөңкеұлы атындағы орта мектептері мамандарға толмай тұрса, бұлардың арасында Б.Нысанбаев, Қ.Абаханов, Қ.Есқалиев, Есбол, М.Сиранов, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Аққала орта мектептері де бар.
Жиында Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Айман Меңдігереева өзінің түлектерінен жетпейтін мамандықтарға мамандар даярлап жатырғанын, осы бағыттағы жұмыс жүйелі жүргізілсе, шешілмейтін мәселенің болмайтындығын жеткізді.
Д.АЙБАР.