Болашақ Президентті таңдау үшін денсаулығына байланысты бара алмайтын бөденеліктер үйлерінде отырып дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.
Ауылдағы №115 учаскесіне тіркелгендердің 25-тен астамына комиссия мүшелері жылжымалы жәшікті арнайы алып барды. Осындай аталған мүмкіндікке ие болғандардың бірі – Жұмсақ Масқарбаева. Қарт әжей өз таңдауын жасап, учаске мүшелеріне ақ батасын жаудырды. «Бүгін біздің республика үшін үлкен мереке - сайлау күні. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын! Болашақ президент мейірімді болса деген тілегім бар»,-дейді ол.
Денсаулығына байланысты келе алмаған ауыл тұрғыны Амангелді Бағытов та өз таңдауын жасап, дауыс бергеніне дән риза. Өйткені, қария: «Қазақстанның болашағы – менің ұрпағымның болашағы» деп есептейді.
Сондай-ақ комииссия мүшелері ауылдағы ең қарт тұрғын Ынташ Даулетованың үйіне барды. Ақжарқын көңіл-күймен қарсы алған әжей: «Елімізде тек тыныштық болсын. Сайлауға қатысу-әрбір тұрғынның парызы. Мен елімнің болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Халқымыздың келешегі зор болады деп сенемін»,-деді.
«Дендер»-Ақпарат.