Жасанды интеллект – Қазақстанның жаңа серпіні

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізуі қажет» деп атап өтті. Бүгінде осы бағытта елімізде нақты істер қолға алынуда.

Алдымен Smart Data Ukimet платформасына 93 ақпараттық база қосылып, мемлекеттік органдардың деректері біріктірілуде. Сонымен қатар, суперкомпьютерді орналастыру, деректерді өңдеу орталықтарын салу және Ұлттық ЖИ платформасын құру жұмыстары жүріп жатыр.

Адами капиталды дамыту да назардан тыс емес. Қазіргі таңда 17 жоғары оқу орнында жасанды интеллектке қатысты 15 бағыт ашылып, 2 мыңнан астам студент білім алуда. Бұдан бөлек, қазақ тілі мен мәдени мұраны қолдау мақсатында заманауи үлкен тіл моделін (LLM) жасау үшін ғалымдар консорциумы құрылды.

Astana Hub технопаркінің бастамасымен іске қосылған Industrial AI Accelerator бағдарламасы аясында тау-кен өндірісі, энергетика, медицина, қаржы салаларына ЖИ енгізуге бағытталған 27 пилоттық жоба жүзеге асуда. Алдағы бес жылда 1 миллион қазақстандықты жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдыларына үйрету көзделіп отыр.

Жастарды біріктіретін тағы бір маңызды бастама – «Decentrathon» атты ірі көлемді хакатон. Бұл технологиялық жарыс елдің түкпір-түкпірінен жиналған мамандардың идеяларын біріктіріп, инновацияға жол ашады.

Жасанды интеллект – Қазақстанның цифрлық болашағын айқындайтын стратегиялық бағыт. Ол елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, жаңа дәуірге қадам басуына мүмкіндік береді.

Жадыра Нариманова

Индер ауданы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT