ЖАҢА ҮЙЛЕР ҚАШАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ?

суреттер автордікі
  • Индербор кентінің оңтүстік-батыс бөлігінен көп қабатты үйлердің бой көтеріп, кенттің келбеті келісе түскені көңіл жадыратады. 35 гектар аймақты қамтитын жаңа мөлтек ауданда болашақта көптеген көп қабатты тұрғын үйлермен қатар, мектеп, емхана, бөбекжай, денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Бұған дейін мұнда «СМК» ЖШС құрылысын жүргізген 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, бүгінде тұрғындар игілігін көруде.
  •  Ал, құрылысы аяқтала келген 48 пәтерлік – барлығы 192 пәтерді құрайтын 4 қабатты төрт тұрғын үй қашан пайдалануға беріледі?
  • Осы сауалды аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Габдуллинге жаз айында да қойғанбыз. Сонда ол аталған үйлердің құрылысы былтыр жыл аяғында аяқталғанын, бірақ жылумен толық қамтылмауына байланысты, әрі қыс таяп қалғандықтан тұрғындарға пайдалануға беру мерзімі кейінге шегерілгенін қаперге берген болатын.
  • Сонымен қатар, осы үйлердің алдына абаттандыру жұмыстарына бөлек конкурс ұйымдастырылып, 154 млн теңгеге «Агроспецмонтаж» мекемесі шартқа отырғанын айтқан. Олар абаттандыру жұмыстары бойынша бордюрларын қойып, асфальт төсеп, балалар ойнайтын алаңдарын орналастыру керек болатын. Бұл жұмыстарды биылғы жылу беру маусымына дейін аяқтап, қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған еді.
  • Алайда бүгінде, міне, қараша айының аяғы тақалды, тұрғындарға әзір беріле қоятын үй жоқ. Осы орайда аталған көп қабатты үйлерге аяқтай барып, жағдайымен танысып шықтық. Куә болғанымыздай, аталған үйдің сыртқы және пәтерішілік жұмыстарының бәрі аяқталып тұр екен. Төбе мен қабырғалар аппақ етіп сыланған, есігі мен пластик терезесі қондырылып, бәрі де қоныстойын күтіп тұр. Газ плиталары да қондырылған, суы да жүріп тұр. Жылу батареясын да ұстап көрдік, жылуы қалыпқа келтірілген екен. Жертөлелерінен коммуналдық-инфрақұрылым жүйелері жүргізілген. Бірінші қабаттың баспасына мүгедек жандардың арбасымен шығатын электрлі қондырғы орнатылған. Аталған үйлердің құрылыс жұмыстарын «Еврострой» ЖШС, ал жылу қазандығын «Алау» жүргізген екен.
  •  Дегенмен, аталған үйлердің алдына жүргізілуі тиіс абаттандыру жұмыстары толық аяқталмай, ашық-шашық күйінде жатыр.
  • - Абаттандыру жұмыстарының кешігуіне байланысты біз бұл мердігер мекемені «жосықсыз» деп тану жөнінде мамандандырылған экономикалық сотқа талап-арыз бердік. Сот процесі өтті. Сол кезде аталған мекеме биылғы қараша айының 20-на дейін жұмыстарын толық аяқтап береміз деп уәдесін беріп, сот ұйғарымы бойынша мерзімін ұзартты. Біз соған келіскен болатынбыз. Міне, келісім мерзімі асып кетті, олар әлі абаттандыру жұмысын аяқтап үлгерер емес. Ал қыс болса таяп қалды. Ендігі жерде бұл жұмыстардың қыс ішінде сапасыз жасалғанша жасалмағаны жөн. Қалған жұмыстары келесі жылға қалдырылатын болады. Осы мәселеге байланысты аталған мекемені жосықсыз қатысушы деп тануды талап ететін боламыз, - деді салалық бөлім басшысы А.Габдуллин.
  •  Айта кетейік, аталған көп қабатты үйлерді көпбалалы аналарға, 1 және 2 топ мүгедектеріне, жалғызбасты аналар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға беру жоспарланған еді. Үйге мұқтаж болған бұл жандарға мердігер мекеменің сылбыр жұмысының зардабынан әзірге күте тұруларына тура келеді.
  •  С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521