Жөндеу жұмысы кешеуілдеуде

Аудан  әкімдігі орналасқан  ғимарат кезінде - «Райком» болған кенттегі ескі нысандардың  бірі. Былтыр тамыз айында оған   күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді  «Корпорация АқОрдасы» ЖШС қолға алды.  Биылғы 1 қарашада пайдалануға беруге тиіс болғанымен, әзірге   жөндеу жұмыстары  аяқталар емес.  
Күрделі жөндеуі аяқталмай тұрған әкімшілік ғимаратына жолымыз түскенде  аталмыш мердігер мекеменің аудандағы өкілі, жергілікті азамат  Руслан Қалиевті кездестірдік. Ол үзіліп қалған жөндеу жұмыстарын қайтадан жалғастырып жатқандығын қаперге берді. Көрер көзге ғимараттың шатыры мен терезелері ауысқаны белгілі.  Ал ғимараттың  екінші қабатында бірқатар жұмыстар жүрген. Дәлізінің қабырғаларына  гипсокартондары жапсырылып, еденіне кафельдері төселген. Бірінші қабатында қабырғаларға гипсокартондары жапсырылуда. Жылу, ток, интернет  желілері  жүріп тұр. Енді бөлмелерін жөндеу, қабырғаларының сылағы, төбесін әспеттеу сынды жұмыстар кезегін күтіп тұр екен. Өзгерістен әкімшіліктің фойесі кеңейтілген, екінші қабатындағы бұрынғы мәслихат хатшысының кабинеті мәжіліс залына арналып кеңейтіліпті.
Ауладағы бұрыннан ырым-жырым болып тұрған ескі гараждар бұзылмақшы екен. Ал әкімшілік ғимаратына  жалғасып тұрған  ашық әкімдік ғимараты жұмысын жалғастыруда.
- Күрделі жөндеуге кезінде бюджеттен 165 млн теңге бөлінген болатын. Қазір жөндеу жұмыстарының 65-70%-ы  тәмамдалып  тұр.  Алайда соңғы жылдары  құрылыс материалдарының күрт  қымбаттап кетуі жұмыстың уақытында жүргізілуіне кедергі болды.  Құрылыс жүргізуші мердігер мекеме қосымша қаражат сұратып, құрылыс әзірге тоқтаған болатын. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының өкілдері келіп,  атқарылып жатқан  құрылыс барысын зерделеп кетті. Алдағы уақытта қанша қаржы қажеттілігі нақтыланатын болады.  Егер қаржы көзі ертерек қаралса,  жылдың аяғына дейін жұмысты аяқтауға жұмыстанамыз, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Алтынбек Габдуллин.


С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521