ТҰЗ АЙЫ БАСТАЛДЫ

Қырық күн шілде болғанда бізде Тұз айы басталады. Осы уақытта ауыл-аймақпен қатар жан-жақтан ем іздеген немесе қыдырып келген жұрттың қарасы көбейіп Тұздыкөл мен Индер карьерлеріне бет алады.

Тұздыкөлдің шипалы балшығын ежелден бүгінге дейін түрлі ауруларға ем ретінде пайдаланып келе жатқаны әмбеге аян. Әсіресе, буын, нерв жүйесі, ер және әйел аурулары, тері ауруларымен қатар ең аяғы адамның бойындағы жағымсыз иістерді кетіруге де таптырмас ем. Кент тұрғыны Сыйлыбай Мұқсинов Ақтөбеден келген ағайын-тумаларына көлге баратын жолды көрсетіп келгенін, енді өздерінің көліктерімен барып емдерін ала беретіндігін айтады. Әрине, дертіне дауа іздеп келгендерге Сәкеңдей танысы болса жақсы. Көлге жол таппай адасып, тіпті (тауда ұялы байланыс істемейді) Кетебайға дейін барғандар, болмаса көл деп карьерлердегі суға шомылып, кейін қайтып жүргендері қаншама?!

Ал дәрігерлер болса, көлге ертелете сағат 11.00-ге дейін, болмаса түс ауа 17 сағаттан кейін келіп ем алуға болады. Балшыққа 15-20 минуттан артық жатып алуға рұқсат етілмейтінін айтады. Арнайы шұңқыр қазып алу үшін күректің де қажеттігін білген жөн. Шұңқырды өте терең қазатындар да кездесіп жүр, бұл дұрыс емес. Одан кейін түсушілер көл бетіндегі рапаға (тұзды су) жуынады. Оған да көп жатып алуға болмайды.

Жергілікті тұрғындардың көпшілігі бұдан кейін көл жағасындағы бұлақтан (басқаларды таңдалдырып) аққан өте салқын суын ыдысқа құйып алып, басынан төмен қарай құятындары бар. Шынында да төбеден құйылған салқын тұзды су миыңды солқылдатып, бойыңды ерекше сергітіп, тіпті билетіп жібереді. Қысқасы бөлек бір күйге енесің. Сондықтан сақ болған артық емес. Одан кейін жылы киініп, жел тигізбей жылы көлікке, не баспанаңызда отырсаңыз қара терге малшынасыз, рахаттанып, оның өзі бір бөлек дүние ғой, шіркін.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT