Елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын ұйымдастыру тамаша дәстүрге айнала бастады.
Өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға, некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін жоғарылату мақсатындағы бұл жобаның жақында облыстық кезеңі аяқталды. Салтанат сарайында өткен шарада ауданымыздан бақ сынаған есболдық Тілекқабыловтар отбасы 1 орынды иеленді. Ұлағатты ұстаз, абыз ақсақал Төлеш Тілекқабылов өмірден өтсе де отбасында өмірлік қосағы «Алтын алқа» иегері Аймекен Қабдешқызы ұрпақтарының қызығына бөленіп отыр. Мерейлі отбасы 6 ұл мен 2 қыздан 22 немере, 6 жиен, 16 шөбере тәрбиелеп өсіріп отырған іргелі әулет. Жеңімпаз отбасыға сайысты ұйымдастырушылар бағалы сыйлықпен қатар «Сосновый бор» шипажайына жолдама табыс еткен екен.
-Жеңімпаз жерлестеріміздің отбасы бірінші орынды Құрманғазы ауданынан қатысқан отбасымен 1 орынды бөлісті. Ал келесі есболдық Тұрсынбай Бейінбет Жылқышыұлының отбасы ынталандыру сыйлығына ие болды. Жалпы байқаудың облыстық кезеңіне ауданнан 4 отбасын ұсынған болатынбыз, - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Артур Мурзин. Отбасы – мемлекеттің мықты негізі екенін ескерсек, арамызда ынтымағы жарасқан берекелі отбастары көбейе берсін.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ