Аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысын оның төрағасы, аудан әкімі С.Арыстан ашып жүргізді.
Алдымен аудан мектептерінде дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау, діни экстремизм мен радикалдық діни ағымдар идеяларының кері ықпалынан сақтандыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Шәкімов хабарлама жасады.
Хабарламашы аудан мектептерінде діни экстремизмнің, теріс діни ағымдардың алдын алу мақсатында әртүрлі шаралар жүйелі өтіп келетінін айтып, соның кейбіріне тоқталды. Индер көпбейінді ауыл шаруашылық колледжінің директоры Б.Құнас студенттер арасында дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттап, діни экстремизм мен радикалдық діни ағымдар идеяларының кері ықпалынан сақтандыру бағытындағы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.
Күн тәртібіне орай аудан әкімінің орынбасары Д.Шамұратов дәрігерлер тарапынан екпеге жетік түсіндірудің жоқтығын, дінге итере салу байқалатынын көтерсе, Жарсуат ауылдық округінің әкімі Ә.Балахметовтың да ойы осымен ұштасты. Ал аудандық «Діни бірлестіктермен жұмыс» және «аудандағы жұмыстарды үйлестіру» бөлімінің басшысы Қымбат Кәрім: «Баяндамалар жалаң, салыстырмалы тұрғыда емес», деп сынай келе, ауданға дұрыс психолог керектігін, теологтардың ойы ұшқыр, сөзі өткір болу қажеттігін, ол адамның тұла бойын баурап алу, яғни түсінік сауатты жеткізілуі қажеттігін баса айтты. Біраз пікір таластан соң жиынды аудан әкімі қорытып, көтерілген мәселелерге орай сала басшыларына нақты тапсырма берді.
Өз тілшіміз.