Қазақтың бард әншісі Табылды Досымов 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысында дүниеге келген.
Ол 1972-1982 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепті бітірген соң, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Содан 1983-1985 жылдар арасында Германия жерінде әскери борышын өтеп, оқуын қайта жалғастырған сәтте, 1986 жылғы қаһарлы Желтоқсан көтерілісіне қатынасушы ретінде оқудан шығарылған.
Дегенмен де араға бір жыл салып, оқуға қайта тапсырып, 1990 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдайды. Содан кейін туған жерге оралып, аудандық мәдениет үйінде әдіскер, №5 жылжымалы клуб меңгерушісі болып жұмыс жасаған. 1990 жылғы 8 тамыздан Гурьев облыстық теле-радио комитетінде редактор, 1992 жылы Атырау облыстық филармониясында «Желтоқсан жебесі» атты жас дарындар тобының жетекшісі, әншісі, 1990-1993 жылдары Индер аудандық тіл басқармасының бас маманы, 1996-1999 жылдары Атырау облыстық мәдениет басқармасының Индер ауданы Махамбет атындағы қордың директоры қызметін, 2000 жылдан өмірінің соңына дейін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы болып жұмыс жасады.
Талантты бард-әнші 2010 жылы 18 қазан күні 46 жасқа қараған шағында өмірден озды.