Кент орталығындағы бұрынғы саябақ соңғы жылдары жетім баланың күйін кешіп, тұрғындардың орынды ренішін туғызып жүрген еді.
Енді міне, саябақты жаңарту жұмыстары қолға алынып, шілде айынан бастап құрылыс жұмыстарын «Риг Строй» ЖШС атқаруда. Учаске басшысы Ермұхан Сәбиев саябақта жаяу жүргіншілер жолдары, балаларға арналған ойын алаңдары, 2 спорттық алаңша, 40 бейнекамера, жарық шамдар, басқа да демалыс алаңдары бой көтеретіндігін, қарағай егіліп, көгалдандыру жұмыстары жалғасатындығын атап өтті.
-Бүгінде құрылыс алаңында 4 бригада жұмыс жасап, су, ток желілері жүргізіліп, брусчатка төсеу жұмыстарына дайындалуда, - деді учаске басшысы Ермұхан Төлебайұлы.
-Брусчатка төсейтін жерлерді нығыздайтын арнайы техникаларды да алдырдып, сапалы шығуына баса мән береміз. Себебі кент көшелерінде бұдан бұрынғы сапасыз төселген жаяу жүргіншілердің күйін кешпеуі керек. Тек, ауданда мынадай кең көлемде брусчатка төсейтін мамандар болмай, көршілес қалалардан шақыртудамыз, - деді аталған мердігер мекеменің бас инженері Марат Құмаров сөзге тартқанымызда. Сонымен қатар ол саябақпен іргелес орналасқан Бейбітшілік көшесі үйлерінің артқы беті 180 см биіктікті құрайтын профлиспен бітелетіндігін және қаржысы уақытында бөлініп тұрса, саябақ құрылысы қазан айының аяғына дейін 90 пайызын дерлік аяқтап шығуға мүмкіндіктері барын атап өтті.
Саламат.Б