Осындай атаумен таяуда ата-аналармен кездесу өтті. Бұл кездесудің басты мақсаты – аудан халқын рухани адамгершілік құндылықтар мен отбасылық дәстүрлерді сақтау, әке мен ана, ұл мен қыз тәрбиесіне көңіл бөлу, өңірімізде орын алып жатқан түрлі жағдайлардың алдын алу.
Алғаш болып сөз алған аудандық білім бөлімінің әдіскері Тұрсынай Аренова «Қазақ отбасындағы ұл мен қыз тәрбиесіне әке мен ананың ықпалы» тақырыбында хабарлама жасап, аудан мектептеріндегі қыз балалардың тәртібіне тоқталды.
– Қыз баланы тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз. Қызға қырық үйден тыйым беру – ата-ана міндеті. Жыл сайын «Баланың басты ұстазы – ата-ана», «Отанды сүю отбасынан басталады», «Үздік ата-ана», «Менің отбасымдағы елімнің мәртебесі» атты конференция, байқаулар дәстүрлі түрде өткізіліп келеді,- деді Тұрсынай Аренова.
Ал, аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция тобы кәмелет жасқа толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Гаухар Құбашева «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселелері» жөнінде мәлімет бере келе, Индер ауданы ПБ ювеналды полиция тобының қызметкерлері білім беру ұйымдарының қызметкерлерімен бірлесіп кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың, олардың панасыз, қадағалаусыз қалуының алдын алу, қауіпсіздігін арттыру мақсатында үнемі құқықтық тақырыптарда түсіндірме жұмыстарын және анонимді анкеталар жүргізіп отыратындығын айтты.
– Жасөспірімдермен және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында аудан көлемінде «Түнгі қаладағы балалар», "Жасөспірім", "Абайлаңыз, балалар!" т.б жедел-профилактикалық ісшаралар өткізіліп отырады. Жасөспірімер арасында құқық бұзушылықтар әлі де анықталуда, әсіресе жасөспірім балалардың түнгі уақытта жүруі көп кездеседі. Сол себепті ата-аналарға балаларының бос уақыттарын тиімді пайдаланып, әр түрлі спорттық секцияларға, үйірмелерге қатыстыруды ұсынамын, - деді ол.
Сонымен қатар, ислам дініндегі қыз баланың рөлі мен тәрбиесі турасында аудандық «Әйіп-Қажы» мешітінің бас имамы Ералы Қамзағалиев түрлі дәлелдерді негізге ала отырып, ақпарат берді. Ал, «Аудандағы демографиялық ахуал, аудан әйелдерінің қоғамдағы рөлі» тақырыбында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева баяндап, комиссияның жұмысы мен атқарылған жұмыстар туралы мәлімет берді.
– Әйелдердің қоғамдағы белсенділігі жоғары. Көбінесе, білім, медицина саласында және мемлекеттік салада 55, шешім қабылдау деңгейінде (бірінші басшы) 18, аудандық мәслихат депутаттары қатарында 3 әйел адам бар. Бұдан өзге кәсіптің ерекше түрлерімен айналысып, облыс тіпті республикаға танылып жүрген әйелдер қатары көбейіп келеді, - деген ол «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына белсенділікпен қатысуға шақырды.
Кездесуге келген ата-аналардың атынан «Аққала» орта мектебінің директоры Нұртас Құспанов, зейнеткерұстаз Сағира Асанова пікірлерін білдіріп, осындай жиын ұйымдастырушыларына алғыстарын білдірді.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ