Аудандық мәдениет үйінде «Есенжол Домбаев» атындағы халық театр әртістері Анастасия Чеховскаяның «Орындалған арман» атты қойылымын көптің назарына ұсынды. Бүгінгі заманға лайықталып қойылған әзіл-қалжыңы аралас қойылым көрермендерді күлдіріп қана қоймай, қоғамдағы шындықты жеткізе білді.
Өте әсерлі шыққан туындының негізгі мазмұны Майрам атты кейіпкер өзінің өте жуас баласы Файзидың алған жары Анисаны құп көрмей, оның оқуға деген ынтасына қарсы шығады. Алдында құрдай жорғалап, сызылып, «апалап» тұрған оны шеттетіп, баласының теңі емес екенін жеткізіп, зекіріп, үйден қуып жібереді. Екінші алған әйелі биші Робияны да, үшіншісі тренд түсіретін блогер келіні Зухраны да менсінбей, олардың құйтырқы мінездерін көтере алмай, баласына жар іздеуді жалғастыра береді. Сөйтіп жүргенде «Таңдаған тазға жолығады» демекші, төртінші келіні Рано орысқолды боп, дегенін жасатып, баласы мен өз басына әңгіртаяқ ойната бастайды. Бұл тауқыметке шыдай алмаған ана байғұс баласына алғашқы келіні Анисаны алып келші деп жалбарынады. Бірақ Анисадан басқа келіндерінің баласының достары екенің, жастардың қазіргі заманауи тілімен айтқанда «пранк» жасап жүргендерін ол білмеген еді.
Қойылым соңында екі жас Файзи мен Аниса қайта табысып, армандары орындалады.
Театрдың көркемдік жетекшісі Шайда Кәрімқызы бастаған актерлер Айдос Тәженов, Гүлзира Шәукирова, Шынар Тұқпатулина, Рабиға Бәдел, Бірлес Бекет әр кейіпкердің мінез-құлқын, болмысын ашу үшін барын салды.
- Қойылым маған да, осы отырған барша көрермендерге де қатты ұнады деп ойлаймын. Өзім әртістерге разы болдым, шебер дайындалғандары көрініп тұр. Мен – осылардың ішіндегі Гүлзираның әжесімін. Немеремнің рөл сомдағанын көзіммен көру үшін Құрылыс ауылынан келіп отырмын, - дейді ақ жаулықты ана Қамқаш Жаңбырбаева.
Міне, бір сағатқа созылған қойылым қоғамдағы күрделі мәселенің біріне айналған ене мен келін арасындағы таусылмайтын дауды әдемі әзілмен жеткізіп отыр. Театр әртістерінің өнеріне ықыластана қол соққан көрермен шығармадан бір ой түйіп тарқасты.
А.БОКИРОВА