ОЙЫН АЛАҢЫ «ОЙБАЙЛАТЫП» ТҰР

Әр ата-ана баласының қауіпсіз өмір сүргенін, оларға жақсы жағдай жасалғанын қалайды. Әсіресе, ойын алаңдарының қауіпсіздігі қатты ойландырады.

Осыдан 3-4 жыл бұрын салынып, аз қамтылған, мүгедек, бюджеттік қызметте жұмыс жасайтын үйге мұқтаж болған жандарға аудан әкімшілігі Махамбет көшесінен екі алпыс үйлік 120 пәтерді пайдалануға берген болатын. Заман талабына сай салынған тұрғын үйдің ойын алаңдары осы жердің бүлдіршіндерімен қоса Шығыс, Болашақ мөлтек аудандарының, қала берді ой мен қырдың балалары келіп, асыр салып ойнайтын жерге айналды. Алайда көптен бері ойын құралдары астының топырағы жұқарып, кесек-кесек тастары бетіне шығып, ата-аналарды алаңдатып келеді. Бірінің баласы басы мен қасын жарып, бірі қол-аяғын жарақаттап, жапа шегуде.

Ол жөнінде кент тұрғыны Бекзада Сұлтанова: - Менің қызым сол жерде тұрады. Балалар үшін есік алдындағы әткеншек, сырғанақ секілді 7-8 жиынтықтан тұратын ойын алаңы жақсы құрастырылған. Бірақ қос жиенімізді ойнатқан кезде атасы екеуміз қатар қарап тұрамыз. Әйтпесе болмайды, асты толған тас, жазым болғаннан құдай сақтасын, - десе, көпбалалы ана Шұғыла Қазиева да балаларын ойын алаңына жіберуге қауіптенетінін айтты.

Жақында сол үйлердің біріне қонаққа келген аққалалық тұрғын Бибінұр Айтекенова да төрт жасар баласының сырғанаққа ойнаймын деп құлап кетіп астындағы тасқа басын ұрып, үш жерден жарақат алғанын айтты. Тұрғындарды алаңдатып отырған бұл мәселе жөнінде кент әкімшілігіне хабарласқанымызда, бас маман Ералы Сыралиев алдағы апта ішінде бұл жердің тастары алынып, топырақ төселетіндігін жеткізді.

Бұл бір ғана алаңның жағдайы, ал басқалары қандай күйде екен?

Ақмарал ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521