Нұрлан Әбдіров Атырау облысында аудан әкімдерін сайлауға дайындық барысын пысықтады

3-4 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 2023 жылғы 5 қарашаға тағайындалған пилоттық аймақтарда аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын дайындау және өткізу шеңберінде Атырау облысына инспекциялық сапармен барды. Аймаққа сапарда Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Шавхат Өтемісов пен ОСК аппаратының жауапты қызметкерлері де қатысты.

 

Сапардың алғашқы күні ОСК басшысы Нұрлан Әбдіров С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттерімен кездесті. Ол еліміздің сайлау жүйесін сапалы өзгерткен Президент Қ.К.Тоқаевтың саяси реформалары жайлы кеңірек айтып берді. Жаңа өзгерістер қатарында аралас сайлау жүйесін енгізу бар, ол саяси ортаны кеңейтіп, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауда бұрын болмаған бәсекелестік туғызды. Сондай-ақ Н.Әбдіров сайлау органдарының жүйесі және оны қалыптастыру тетіктері, сайлау комиссияларын кәсібилендіру процесі, еліміздегі ағымдағы үш сайлау науқанына дайындық және оны өткізу барысы, атап айтсақ, ауыл әкімдерін, шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттарын және пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау жайлы ақпаратпен бөлісті. Аудан әкімдерін сайлау Қазақстанда алғаш рет өткізіледі және бұл еліміздегі жүріп жатқан реформаның қисынды жалғасы. Аталған кездесуде дауыс берудің баламалы нысандары, Президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптар, оның ішінде мемлекеттік тілді міндетті түрде меңгеру тақырыптары да қозғалды.

 

Кездесудің 94 қатысушысы QR-код арқылы онлайн-сауалнамаға қызығушылықпен қатысып, сауалнамада қойылған сұрақтар бойынша өз пікірлерін білдірді.

Сауалнамаға қатысқандардың 35,1%-ы қашықтықтан электрондық дауыс беруді, 26,6%-ы стационарлық цифрлық құрылғылар арқылы сайлау учаскелерінде дауыс беруді қолдайды; респонденттердің 68,1%-ы ел Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді білуі және лингвистикалық емтихан тапсыруы міндетті деп санайды; сауалнамаға қатысушылардың жартысына жуығы (47,9%) соттылығы бар азамат өз кандидатурасын Президенттің, депутаттың немесе әкімнің сайланбалы лауазымдарына ұсыныла алмайды деп жауап берді.

 

Сонымен бірге, студент Әнуар Әженов кез келген электрондық дауыс беру жүйесінің қорғалуына және қажетті деректерді жоғалтқан кезде оларды қалпына келтіру мүмкіндігіне күмәнмен қарайтынын жеткізді, сондай-ақ, қашықтықтан электронды дауыс беруді енгізген жағдайда басқа адамдардың орнына дауыс беру мүмкіндігі секілді туындайтын ықтимал тәуекелдерге назар аударды. Өз кезегінде студент Еркебұлан Қобыланов, жағдайды модельдей отыра, мысалы, әлеуметтік желілерде оқырманы көп блогер сайлауда жеңіске жеткен жағдайда қажетті білімсіз және тәжірибесіз түгел бір ауданды немесе қаланы сауатты әрі тиімді басқара ала ма деген сауалды қойды.

 

Айта кетсек, Атырау облыстық мәслихатының шешімімен Исатай және Қызылқоға аудандары әкімнің тікелей сайлауы алғаш рет өткізілетін пилоттық аудандар болып белгіленді.

 

Орталық сайлау комиссиясының басшысы Қамысқала ауылдық округінің әкімі және тұрғындарымен кездесу өткізілген Исатай ауданына ат басын тіреді. Ол бірінші кезекте, ауыл тұрғындарының бұрын сайланған ауыл әкімінің атқарған жұмысының сапасы жайлы пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғындары оның қызметіне оң баға беріп отыр. Оған қоса, тұрғындар ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденованың 2021 жылы Атырау облыстық «Үздік ауыл әкімі» байқауында жеңіске жеткенін аса қуанышпен атап өтті.

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521