Мұсылман жұртшылығы аса құрмет тұтатын қадірлі де қасиетті – Мәуліт мерекесіне орай аудандық жаңа мәдениет үйінде рухани кеш өтті.
Шараның басты мақсаты - Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани өнегелі өмірі, тәлім-тәрбиесі мол ұлағатты сөздерін жас өрендердің санасына сіңіру, жастардың дұрыс, тура жолмен жүріп-тұруына септігі тиетін хадистерді насихаттау болып табылады.
Мерекелік жиынның алғашқы құттықтау сөзін алған аудан әкімі Мейірім Қалауи асыл дінімізге деген халықтың ықыласы мен сенімінің жыл санап артып, жастар арасында адамгершілік пен имандылыққа бет бұру көбейіп келе жатқанын атап өтіп, көпшілікке жақсылық, отбасыларына амандық тіледі. Ал таяуда ғана облыстың бас мүфти болып сайланған Алтынбек Ұтысқанұлы аудан тұрғындарын қуаныш пен шаттыққа толы Мәуліт мерекесімен құттықтап, Алла елшісінің дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмбеті үшін үлкен қуаныш екенін айтты.
Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың ғибратты ғұмырынан сыр шертіп, мұсылмандарды оның көркем мінезінен үлгі алуға шақырды. Кейін рухани кеш барысында көрермен көзайымына айналып, әдемі әзілдерімен ақиқатты астарлап айтып жүрген «Өнер қырандар» әзіл-ысқақ театры тәрбиелік мәні зор қойылымдарын ұсынды. Тамашалаушылар ерекше әсерге бөленіп, көз жастарына ерік берді. Мәуліт мерекесіне орай мейрамханада жақсылыққа жаны құштар жамағат құран бағыштап, ақ дастархан басында ақсақалдар ақ тілектерін айтты.
Баршаңыға Алланың рахымы мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) шапағаты нәсіп болсын!
Диас АЙБАР