КӨРГЕНДЕ ЖАН АУЫРАДЫ

Ғасыр тажалы болып саналатын аймақта әскери борышын өтеген жерлестеріміз де бар. Кейіпкерлеріміздің әңгімесін естігенде қаралай жан түршігеді. Солардың қатарында индерборлық Тасқара Латипов та бар.

Кейіпкеріміз Кеңес Одағының батыры Боран Нысанбаев атындағы орта мектепті бітірген соң 1984 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы №10228 ұшқыштар даярлайтын әскери бөлімге жіберілген екен.

-Қазақшасынан гөрі орысшасы басым аймақта әскери бөлімше орналасқан жерде біздерге тажал аймағын әуеден бақылау міндеті жүктелді. Ауылдан барған біздерге бірден орысшаға төселіп кету қиын болғанымен, артынан үйреніп кеттік қой. Әскери бөлім басшыларының дені – орыстар. Жатқан құпия, ештеңе біліп болмайсың. Кейде әскери бөлімнен тыс жерге шыққанда ядролық сынақ салдарынан кемтар, мүгедек болып қалған жандарды көргенде жанымыз ауырды,-дейді Тасқара Бағдатұлы.

Осы аумақта әскери міндеттерін өтеген азаматтардың басын қосу мақсатында еліміздің әр аумағында түрлі қоғамдық ұйымдар жұмыс істеуде. Солардың қатарында Атырау облысында да «Ерекше тәуелді жауынгер» қоғамдық ұйымы құрылып, өз жұмысын бастады. Өткен 2016 жылы аталған қоғамдық ұйымның филалы Индер ауданында құрылды. Филиал жетекшілігіне Саламат Аймұратов сайланған болатын. Бұл күнде аталған филиал өздерінің қаруластарының басын қосып, іргелі ұйымға айналып келеді.

-Аталған филиалдың құрамында 39 адам бар. Өкінішке орай, 5 мүшесі өмірден өтті. Соғыс ардагерлеріне теңестірілдік. Төленуге тиіс жәрдемақыдан қағылып отырмыз. Емдеу-сауықтыру орындарына бару да қиындық туғызып отыр. Қазір бұл мәселелер қайта қарастырылу үстінде.

Өзім 1980-1982 жылдар аралығында Аягөз қаласында орналасқан әскери бөлімшесінде қызмет еттім. Аягөз қаласы Қытай мемлекетіне 150 км қашықтықта орналасқан. Біздің міндетіміз – осы шекара аумағын күзету.  Кейде демалысқа шығып, қалаға кіргенде радиация зардаптарынан мешел болып қалған жандарды жиі кездестіреміз. Әсіресе сәбилерді көргенде, тұла бойың шымырлап қоя береді. Өмір бесігінде енді тербеле бастағанда қиындыққа душар болуы олардың ата-аналарына ауыр соққы екені айтпаса да түсінікті.

Кейін елге оралып, еңбекке араластым. Бір күні 1989 жылы тағы да атом бомбасы жарылды деген қаралы хабарды естідім. Өкінішті. Кейін түсіндік қой. Өзара бәсекеге түскен алып мемлекетердің бір-біріне көрсеткен күштері екенін. Бірақ зардабын қарапайым халық көрді ғой, - деп терең тебіреніспен еске алды Саламат ағамыз.

                                                                                                                                                           С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT