Облыс прокуратурасының ұйымдастыруымен инвесторлар мен бизнес субъектілеріне арналған дәстүрлі форум өтті. Жыл сайын өткізілетін бұл басқосу өңір кәсіпкерлері үшін ғана емес, жергілікті билік пен қадағалау органдары арасында ашық пікір алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналғаны анық.

Облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев төрағалық еткен жиынға кәсіпкерлер, инвесторлар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, өңірдегі бизнес ахуалын жақсарту бағытындағы өзекті мәселелерді ортаға салды.
Ел экономикасының берекесі кәсіпкерліктің қарқынды дамуына тікелей байланысты екені белгілі. Сондықтан жиында бизнес өкілдері мен атқарушы билік арасындағы өзара байланыс, әкімшілік кедергілерді азайту, мемлекеттік құрылымдардың заңсыз араласуын болдырмау мәселелері кеңінен сөз болды.
Басқосуға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзив кәсіпкерлер қауымдастығы мен билік арасындағы тұрақты диалогтың өңірлік экономиканы дамытудағы рөлі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, ашық пікірлесу алаңы қордаланған түйткілдердің шешімін табуға, бизнестің тынысын ашуға жол ашады.
Прокуратура деректеріне қарағанда, жыл басынан бері 15,5 мыңнан астам кәсіпкер мен 12 инвестордың құқығы қорғалған. Тексеру барысында мемлекеттік органдардың бизнеске орынсыз араласуы, әкімшілік жүктемені арттыруы, заңсыз тексерістер жүргізуі тәрізді көптеген фактілер анықталған. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жасаудан негізсіз бас тарту, полицияның құрылыс алаңдарын себепсіз тексеру, қоғамдық тамақтану орындарын тиісті құжатсыз тексеру, салық органдарының кәсіпкерлерді заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту сияқты заңбұзушылықтар жиі тіркелген.
Прокуратураның пәрменді шараларының нәтижесінде 62 заңсыз құжаттың күші жойылып, 2 негізсіз тексерістің жолы кесілген. Сонымен қатар 300 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Форум барысында инвесторлар өз жобаларын таныстырып, оларды іске асыру барысындағы түйінді мәселелеріне прокуратура назарын аударды.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Сәрсенбай Жолдыбаев прокуратура мен палатаның өзара іс-қимылының бизнес үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Өңірлік кәсіпкерлер палатасында прокурорлармен кездесу ай сайын өтіп тұрады. Бұл кәсіп иелері үшін нақты мәселесін дер кезінде жеткізіп, шешімін табуға мүмкіндік беретін тиімді платформа, — деді ол.
Ал облыс прокуроры Мадияр Басшыбаев «прокурорлық сүзгі» шенеуніктердің жосықсыз шешімдеріне тосқауыл болып, инвестициялық ортадағы әрбір әрекеттің заң аясында жүзеге асуына кепіл болатынын атап өтті.
– Президент Бас прокуратураға кәсіпкерлікті қорғау және инвестицияны қолдау ісінде шешуші рөл жүктеді. Сондықтан біздің міндет – әкімшілік кедергілерді жоя отырып, бизнес жүргізуді барынша ашық, әрі қолайлы ету, — деді облыс прокуроры.
Форумды түйіндеген Мадияр Бекенұлы барлық мемлекеттік және құқық қорғау органдарын бизнеске негізсіз араласудан бас тартуға шақырып, инвесторлар мен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

