Халық сенімінің жүгі ауыр

Қоғамдық саяси үдерістің  бел  ортасында жүрген партияның бірі - "Amanat" партиясы. Бүгінде аудандық мәслихат депутаттарының 8-і - аталған партия мүшесі. Президент жүктеген міндеттер мен партиялық бағдарламалардың орындалысы жөнінде "Amanat" партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Сабырғалиева Ақжібек Керімбайқызымен арнайы сұхбаттастық.

– Ақжібек Керімбайқызы, әңгімемізді партияның бүгінгі тынысынан бастасақ?

– «Amanat»  партиясы құрамында аудан бойынша 7 бастауыш партия ұйымы бар. 2025 жылға бекітілген «Жол картасының» тармақ саны – 36, оның ішінде орындалғаны – 10 (25,0%), орындалу үстіндегісі - 24 (71,4%), орындалмай қалу қаупі бар – 2 (3,6%) жоба («Ауыл аманаты» жобасы мен Есбол ауылдық округіндегі 300 орындық мектеп) бар.

2025 жылдың 10 айында қоғамдық қабылдау бөлмесіне барлығы  157 өтініш тіркеліп, оның 93 (76,4%) оң шешімін тауып, 35-іне (23,6%) түсінік берілді. Сонымен қатар шалғай елді мекендерде 3 мобильді қоғамдық қабылдаулар өткізілді. Қоғамдық қабылдау бөлмесінде 10 айда 8 отырыс өткізілді. Соның  ішінде саяси кеңес бюросының, фракцияның және партиялық бақылау отырысы бар. Өткізілген әрбір саяси отырыстар мен жиындар уақытылы әлеуметтік желіге жарияланып келеді. 

Жоғарыда айтып өткенімдей, партия филиалына қарасты бастауыш партия ұйымында 7 партиялық топ бар. Жоспарға сәйкес, партиялық жобалар аясында іс-шаралар уақытылы өткізілді. Соның ішінде шара өткізуге нысаналы трансферт қаражатының жұмсалуы өте тиімді. Бастауыш партия ұйымының мүшелері белсенділік танытып, игі шаралар өткізуге атсалысуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуы жолында маңызды бастамаларды көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар мен міндеттерді атап өтті.

Сол бастамалардың бірі – «Қарызсыз қоғам» жобасы. 2023 жылдан бастап «Amanat» партиясы мен «Халық банкі» бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасын пилоттық негізде іске қосты. Бұл бастама алғаш болып қолға алынған өңірлердің қатарында Индер ауданы да бар. 2023 жылы ауданымызда бұл жоба жүйелі түрде ұйымдастырылып, нақты нәтижелер көрсетті. Атап айтсам, жоспар бойынша 500 адамды оқыту көзделсе, нақты нәтиже бойынша 527 адам оқуды аяқтап, жоспар 105 пайызға орындалды. Бұл – ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылыққа деген қызығушылығының артқанының айқын дәлелі.

2024 жылы бұл көрсеткіш те өсті. 550 адам оқытылады деп жоспарланса, 558 адам оқудан өтті. Жоспар 101 пайызға орындалды. 2025 жылға арналған оқу жоспары – 1013 адам. Мамыр айына дейін соның 815-і оқуды аяқтады, яғни жылдық жоспардың 80 пайызы орындалды. Жылдың екінші жартысынан бастап бұл оқу онлайн форматта жалғасын тапты. Бұл жоба жай ғана қаржылық білім беру емес. Бұл – азаматтардың экономикалық тәуелсіздікке, жеке жауапкершілікке, және ең бастысы – қарыздан арылып, дұрыс қаржылық шешімдер қабылдай алатын деңгейге жетуіне жол ашатын әлеуметтік бастама. Оқуға қатысқан азаматтар, жеке және отбасылық бюджет жүргізу, қарыз жүктемесінен шығу жолдары, қаржылық жоспарлау, банк өнімдерін дұрыс пайдалану

секілді тақырыптар бойынша білім алды. Мұндай білім – қазіргі заманда әр азамат үшін өте қажет деп санаймын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жуырда «Amanat» партиясының төрағасы  Ерлан Жақанұлы Қошанов бұл жобаның қайта қолға алынатынын және оны қаржыландырудың нақты көздері қарастырылатынын айтты. Бұл бізге келесі кезеңде жобаны одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді.

 

– Мемлекет басшысы: «Аmаnаt» әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға әрдайым баса мән береді. Мемлекеттілікті нығайту және ел бірлігін бекемдеу – ұйымның айрықша миссиясының бірі» деп атап өтті. Ендеше партия қандай жобаларды жүзеге асыруда,  орындалысы қалай?

– Жалпы 16 партиялық жоба бар. Олар – «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Құқықтық көмек», «Кітап-Amanat», «Бақытты отбасы, «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлттық мұра», «Жастарға жұмыс», «Таза бейсенбі», «Qaisar», «Менің елім – менің тілім», «Tomiris»,     «Алатау аманаты», «Кітап оқитын ұлт» және «Цифрлық қоғам».

«Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында аудандағы мекемелерде, кент ауылдық округтерде оқу курстарын өткізу бойынша ауданымызға бөлінісі – 320 адам. Қазіргі таңда 950-ге жуық адамға хабарланып, оның 186-сы онлайн оқытылып, 48 адамның бұғаттарын шешу жұмыстары жүргізілуде. Пробация бөлімі бойынша 12 адам қамтылып, 6 адамның мәселесі қаралу үстінде.

Сонымен қатар Президент Жолдау-ында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталғаны белгілі. Игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, оны халық игілігіне беру елдің стратегиялық міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Осы бағытта «Аmаnаt» партиясының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жер аманаты» жобасы үлкен маңызға ие. Бұл жоба әділдік қағидатын негізге ала отырып, жерді нағыз еңбек етемін деген азаматтарға үлестіруге мүмкіндік берді.

«Жер аманаты» партиялық жобасы аясында ауданда бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді. 2023 жылы аудан бойынша жалпы көлемі 2 760 гектарды құрайтын 33 жер учаскесі, 2024 жылы көлемі 2 349 гектар болатын 7 жер учаскесі қайтарылды. Ал 2025 жылға жоспарланған 12 000 гектар жердің бүгінгі күні 8771 гектары, яғни 13 жер учаскесі мемлекетке оралды. Бұл көрсеткіштер жобаның тиімді жүзеге асып жатқанын дәлелдейді. Жоба аясында қайтарылған жерлер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіліп, халық игілігіне пайдаланылатын болады.

 «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 10 айда 8 шара өткізіліп,  97 адам қамтылды. Партиялық жоба аясында аудан орталығындағы мектептерде және мектепке дейінгі мекемелерде инклюзивті білім беру үшін жасалған жағдайларды анықтау мақсатында мониторингтер жүргізілді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық мерекелік іс-шаралары да өткізілді.

«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бойынша 10 айда 13 шара өткізіліп, 68 адам қамтылды. Партия филиалының ұйымдастыруымен мәслихат депутаттары, «БПҰ» төрағалары аудандағы бір топ тыл ардагерлерінің үйіне аяқтай барып, «Жеңіс» күні мерекесімен құттықтай отырып, сыйлықтар табыс етті. Сонымен қатар партия филиалында ардагерлермен кездесулер де өткізілді.

«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Бала – біздің болашағымыз» атты концерттік бағдарламалар және  мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік шаралар өткізіліп, түрлі сыйлықтар табысталды. Аудан жастарымен бірлесе отырып, аудандағы үлгілі отбасылармен кездесулер ұйымдастырылды.

«Таза Қазақстан» жобасы бойынша БПҰ-ң мүшелерімен бірлесе отырып, бекітілген кестеге сәйкес 30-ға тарта таза бейсенбілік ұйымдастырылды.

«Жастар рухы» жастар қанатының жұмысына тоқталсам. Бүгінде аудан бойынша жастар саны Индербор кентінде – 5640, округтерде 3254 адамды құрайды. Жастар қанатымен бірлесе отырып көптеген ірі әлеуметтік, экологиялық, патриоттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды және игі бастамаларды іске асыру мақсатында 15-тен аса іс-шара өткізілді. Оларға 400-ге тарта жас қатысты.

Әрине, партиялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарымыз кезең-кезеңімен жалғаса береді.

 

– Партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында қандай нәтижелер көре аламыз?

– 2023-2027 жылдарға арналған аудан бойынша «Аmаnаt» партиясының сайлауалды бағдарламасы 44 іс-шарадан тұрады. 2025 жылға «Жол картасында» жүзеге асу қажет 36 іс-шара жоспарланған. Бүгінгі күнге барлығы да орындалу сатысында. Орындалмау тәуекелдері бойынша тармақтар саны – екеу.

Табысты арттыру бағыты бойынша жалпы жұмысқа орналасу үшін 2985 адам құжат тапсырған, оның ішінде 1147 адам жұмыспен қамтылған. 2025 жылға мүгедектігі бар 156 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, күні бүгінге 56 адамға жұмыспен қамту шаралары қабылданды. Жоспар орындалысы 35,9% (56/156). Сонымен қатар «Жастар тәжірибесіне» – 3 адам, «Күміс жас» жобасына – 8 адам, қайтарымсыз мемлекеттік грант – 32 адам, «Бастау Бизнес» жобасына оқытуға – 8 адам, кәсіптік оқыту курстарына 1 адам қамтылды. Жыл басынан бері «Ардагерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында 13 жалғызілікті қартқа азық-түлік себеттері табысталып, олардың үй-жайын жинауға көмек көрсетілді.

2024 жылдың қорытындысымен әлеуметтік реестрге енгізілу мақсатында ЖК «Тілашар» Г.Бақтыгерей құжаттарын жинақтап, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына тапсырылып, комиссия шешімі бойынша әлеуметтік реестрге енгізілді. 2025 жылдың 1 тоқсан қорытындысымен аталған кәсіпкер 5,0 млн теңге көлемінде грантқа ие болды;

Қазіргі таңда «Бизнес аймақ» бағдарламасы арқылы 1 жоба 20,0 млн. теңгемен  мақұлданып, кәсіпкерлер өз жұмыстарын бастады.

2025 жылдың 1 маусым айына аудан  бойынша кәсіпкерлік бағытта 350 адамға түсінік жұмыстары жүргізілді.

Аудан бойынша жеке кәсіпкер А.Жұмашев (Елтай ауылдық округінің 30.11.2015 жылғы 50 шешім негізінде кемпинг пен жанармай құю станциясын салу үшін жер телімі табысталған) 35,0 млн.теңге көлемінде жеңілдетілген несиемен қаржылай қолдау алып, кәсіпкерлік нысанын іске қосты.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілермен және тасымалдаушылармен бағаның өсуіне жол бермеу жөнінде 10 меморандум жасақталды.

Өмір сапасын арттыру бағыты бойынша аудан мектептерінің барлығы да оптикалық-талшықты интернет желісімен қамтылған. Интернет жылдамдықтары  40 мбит/с пен 160 мбит/с аралығында.  Есбол ауылындағы 3 мектепке (Қ.Есқалиев, Жамбыл, Есбол) талшықты-оптикалық желі келіп тұр және аталған үш  мектептке «Старт Линк» спутниктік антеннасы орнатылды.

Есбол ауылдық округінде  дәрігерлік амбулаториясы құрылысы аяқталды.               Жарсуат ауылдық спорт кешенінен еркін күрес үйірмесі және Өрлік ауылдық спорт кешенінен қазақша күрес спорт түрі, Есбол ауылдық спорт кешенінен кіші аяқ доп үйірмелері ашылды.

Ұлттық спорт түрлерінен тоғызқұмалақ, шахмат, қазақ күресі үйірмелері Индер, Өрлік, Есбол спорт кешендерінде жұмыс жасайды. Әртүрлі мерекелік шараларда ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылып тұрады.

Аудан бойынша күні бүгінге Есбол, Елтай, Аққала ауылдары инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен толық қамтылған. Бөдене, Жарсуат, Көктоғай, Өрлік ауылдары алдағы жылдары ток жүйесінің құрылысы аяқталып, жылдың соңына дейін Жарсуат ауылынан 26 пәтерлік және Бөдене ауылынан 12 пәтерлік жаңа үйлерді тапсыру жоспарлануда.

Экологиялық  жағдайды жақсарту бағыты бойынша орман шаруашылығы арқылы 44,8 аумаққа 80 мың тал егілді. Аудан бойынша 2025 жылдың күз мезгілінде 13580 тал отырғызу  жоспарланып,  7570 тал егілген. Қалғаны жыл соңына дейін егіледі.

 

– Әлеуметтік желі арқылы партиялық бақылау комиссиясының құрылыс жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралап, бақылайтынын көріп отырмыз. Осы ретте бақылау комиссиясының құзыреттілігі қандай? Күні бүгінге дейін комиссия тарапынан қандай да бір ұсыныс, пікір  жолданды ма?

– Партиялық бақылау комиссиясының мақсаты – партия мүшелерінің партия Жарғысының ережелерін, мемлекеттік бағдарламаларды, партияның бағдарламалық құжаттарын және берілген тапсырмаларды, Саяси кеңес пен Бюро шешімдерінің орындалуын қадағалау. Партиялық бақылау комиссиясының құрамында 7 адам бар. Олар өз құзыреттілігі шегінде ауданда құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралап, мектептердің тамақтану орындарын қадағалай алады. Комиссия тарапынан «Болашақ» мөлтек ауданындағы жолдың уақытында аяқталмауы, Елтай ауылындағы саябақтың құрылысы, Есбол ауылдық округіндегі мектептің, «Болашақ» мөлтек ауданындағы мектептің құрылыс жұмыстарының баяу жүруі жөнінде ұсыныстарын білдірді. Біз де өз тарапымыздан тиісті мемлекеттік органға сұраныс жібергенімізбен, қаржының бөлінбеуі жұмыстардың уақытында аяқталмауына себеп болып отыр.

 

– «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қандай жұмыстар жүруде?

– Бұл жоба шағын несие беру арқылы ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған.  Жеңілдікпен несие берудің басым бағыттарына туризмді дамыту,  ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын алу,  жеке қосалқы шаруашылықтардың қатысуымен сүт-тауарлық фермалар құру,  жеке қосалқы шаруашылықтарды тарта отырып, ірі қара малды бордақылау жобаларын іске асыру, заманауи күтім және азықтандыру технологияларын қолданатын қаз өсіру шаруашылықтарын дамыту, жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы (ауылдық жағдайға бейімделген модульдік фермаларды қоса алғанда),  ұсақ мал шаруашылығын дамыту жатады. Әрбір жоба жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеуі тиіс.

Қазіргі таңда жоба бойынша 300-ге жуық кәсіпкер құжат тапсырды. Алайда қаражаттың болмауына байланысты тоқтап тұр.

 

–  Алдағы мақсат, жобаларыңыз жөнінде айтсаңыз.

– Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның жұмысына әркез қолдау көрсетіп, сенім білдіріп келеді. Қыркүйек айындағы халыққа Жолдауында халықаралық үрдіске сай  бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама көтерген болатын. Маңызды реформа – осыған дейінгі елдегі ауқымды өзгерістердің заңды жалғасы болмақ. Президент бұған асықпай, байыпты, саналы әрі сындарлы түрде келу керек екенін айтып, оны бүге-шігесіне дейін жан-жақты талқылауға бір жыл уақыт берді. Сөйтіп, 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуді ұсынды. Сол бағытта жұмыстар жасалатын болады.

Бұдан бөлек, сайлауалды бағдарламалар мен партиялық жобалардың орындалысына мән береміз. «Amanat» партиясы аудандық филиалы партияның барлық талаптарына жауап беріп, халық сенімін қашанда биік қою мақсатында жоспарлы түрде өз жұмыстарын жалғастыратын болады. 

«Аmanat» партиясы еліміздің тұрақты дамуы мен азаматтардың өмір сапасын арттыруды басты мақсат етіп отыр. Алдағы кезеңде партияның жұмысы әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және елдің әрбір өңірін жан-жақты дамытуға бағытталады. Негізгі басымдықтар – білім мен денсаулық сақтау салаларын жетілдіру, жастарды жұмыспен қамту, ауылдарды дамыту және кәсіпкерлікті қолдау. Сонымен қатар партия мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және халықпен тұрақты кері байланыс орнату бағытында нақты жобаларды іске асыруда. Ел бірлігін нығайтып, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуде белсенді бастамалар көтеріп, азаматтардың сенімін ақтауды көздейді.

– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

AQPARATPRINT