Кентте көпқабатты үйлер көркейеді

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын реформалау мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң былтыр күшіне енген болатын. Жаңа заңда жергілікті атқарушы органдарға қаланың бірыңғай сәулеттік келбетін жасау үшін қасбеттерін, шатырларын жергілікті бюджет қаражаты есебінен жөндеу қарастырылып отыр.

Бұл істің Индербор кентінде де жүзеге асатындығын аудан әкімі Мейірім Қалауи есеп беруінде атап өткен болатын. Енді, міне, көктем басталысымен кенттегі Б.Майдыров көшесіндегі 80 пәтерлік пен Д.Қонаев көшесіндегі 129 пәтерлік үйлердің төбесіне шатыр салу үшін демонтаж жұмыстары басталып кетті.

img-20210330-wa0065

img-20210330-wa0063

Айта кетейік, еліміздегі шағын қалалардай Индербор кентінің де көп қабатты үйлерінің коммуналдық жүйелермен қамтылуы күрделеніп кеткені белгілі. Тіпті 2000-шы жылдардың бастапқы кезінде де жоғары қабаттың тұрғындары сырттан шелектеп су тасып, мардымсыз жылуға қарап қалғанына куәміз. Бірақ еліміздің Тәуелсіздігі нығайған сайын кентімізде де бұл мәселелердің бәрі ретімен оңынан шешіліп келеді. Қазір коммуналдық жүйемен қамтуда мәселе жоқ. Ендігі мәселе - кенттегі іргетасы 20 ғасырдың 60-70-80 жылдары салынған көпқабатты үйлердің бірқатарының қасбеттері мен шатырлары ескіріп, кенттің көркін алып тұр.

img-20210330-wa0056

img-20210330-wa0057

Мысалы, жоғарыда жөнделуі басталған 5 қатарлы Майдыров, 1 а үйге төбесіне шатыр бұйырмай жауын-шашын сайын төбеден су кетіп, тұрғындары әбігерге қалумен жүрді. Жоғары қабатындағы кірпіш тастарының құлағаны, әзер тұрғанын да кезінде газетке жаздық та. Ал Д.Қонаев, Бейбарыс көшесіндегі көпқатарлы үйлердің балкондары да құлап, апаттық жағдай туғызды. Кезегін күтіп, құлауға шақ тұрғаны да жетерлік...

img-20210330-wa0059

Бұған дейінгі қолданыста болған заңдылыққа сәйкес, мұндай жұмыстардың бәрі тұрғындардың өздері немесе пәтер иелері кооперативтері арқылы жүруі тиіс болатын. Алайда кентте бұған тұрғындардың да бірігуі, ПИК–тің де ондай деңгейде мүмкіншілігі болмағаны белгілі. Рас ішінара демеушілік қаржысы арқылы атқарылған жұмыстар бар.

img-20210330-wa0060

Еліміздің ірі қалаларында бастау алған терможаңғырту жұмыстарына дайындық болғанымен бізге жетпеді. Енді, міне, жаңа заңдағы өзгеріс кенттегі көп қатарлы үйлерді көріктендіріп, тұрғындарға жайлы жағдай туғызу күтілуде.

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық қызметі, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекция бөлімінің басшысы Бауыржан Иманғазиевтан білгеніміздей, жоғары аталған Б.Майдыров 1 а, Д.Қонаев 19 үйден бөлек Д.Қонаев 17,20,21,22,24, Б.Майдыров, 1, Тайсойған 7, 9, Махамбет 16, барлығы 11 көп қабатты үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүреді. Оның ішінде профлистпен шатырлары ауыстырылады, қабырғасындағы құлаған тастары қалпына келтіріліп, іргетастары бекітіледі, балкондары қапталады. Қонаев 22,24, Тайсойған 7 үйлердің қасбеттері сырланады.

img-20210330-wa0058

- Бұл жұмыстарға жобалау-сметалық құжаттары жасақталып, қазіргі уақытта мердігер мекемелер анықталды. Бұлар БатысСтройсервис» ЖШС, «ҚұрылысТаймКонтрак» ЖШС, «Dizain-D.A» ЖШС-мен келісім-шартқа отырдық, - деді салалық бөлім басшысы Б.Иманғазиев сөзге тартқанымызда.

img-20210330-wa0066

Сондай-ақ кенттегі Бейбарыс көшесіндегі көпқабатты үйлерге де сметалық – жобалау жұмыстары жүргізілуде екен. Бастысы аталмыш заңда көппәтерлі үйлерді күтіп-ұстауды жақсартуға, мүлік иелері бірлестіктерінің қызметін жаңа деңгейге көтеруге, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлар иелерін ортақ мүлікті басқаруға және туындайтын мәселелерді шешуге белсене атсалысуға ынталандыруы қарастырылған.

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521