Әке - отбасының алтын діңгегі

Осындай атаумен тәрбиелік шара Индер көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжінде өтті.

Шараға студенттер мен олардың әкелері қатысып, отбасылық қызықты да тартысты сайысқа түсті.

Алғашқы таныстыру кезеңінде слайд-шоу, презентация арқылы заманауи түрде дайындалса, қатысушы әкелер мен студенттер «үй тапсырмасына» қолдан жасаған бұйымдарын қазылар алқасына табыстады. Спорттық-эстафеталық кезеңде әкелер мен студенттер бірлесе теннис добын жинап, межеге оқ атумен сайысты. «Қызықты сұрақтар» айдарында әкелер өз балаларын қаншалықты жақсы білетіндіктерін көрсетті. Соңғы кезеңде тақырыпқа сай бірлесе отырып сурет салу тапсырылды.

Қатысушы әкелер мен студенттер барлық кезеңді белсенді және қызықты етіп өткерді. Қазылар алқасының шешімі шыққанша көрерменмен бірігіп «Әке-ана» әні орындалды. Колледж ата-аналар комитетінің төрағасы Г.Тасыбаева бастаған қазылар алқасының шешімімен Бисембаевтар – «Ұйымшыл отбасы», Хайруллиндер – «Жаңашыл отбасы», Болатовтар – «Ізденімпаз отбасы», Саясатовтар – «Шығармашыл отбасы» атанса, ең жоғары ұпай жинаған Ермусиндар – «Үздік отбасы» боп танылды.

– Әкенің ер бала тәрбиелеудегі рөлі басым. Әкеден баланың алатын тәлім-тәрбиесін басқа ештеңе де ауыстыра алмайды. Алайда қазіргі таңда отбасы тәрбиесінде әкенің беделінің төмен түсуі қоғамды толғандырып отыр. Бүгінгі шараны өткізу мақсатымыз да бала тәрбиелеуде әкенің рөлін арттыру, колледж бен отбасы байланысын нығайту, сонымен қатар отбасында сыйластық, мейірімділік, татулық, адамгершілік сезім қалыптастыру болатын, – дейді аталмыш колледж директорының орынбасары Гүлфара Әбенова.

Барлық қатысушыларға номинациялар мен әкімшілік атынан сыйлықтар табысталса, ұстаздар қауымы да өз тараптарынан қатысқан әкелерге қолдау білдірді. Ал шараның жақсы ұйымдастырылуына колледждің жастар ісі жөніндегі инспекторы Б.Мырзахметова және студенттік парламент мүшелері себепкер болды.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521