КАДР ІСІНІҢ БІЛГІРІ

     Биыл ел тыныштығын күні-түні күзетіп, қоғамдағы тәртіпті қадағалап жүрген полиция қызметінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Бұл салада тек ер азаматтар ғана емес, нәзік жанды арулар да баршылық. Солардың бірі – аудандық полиция бөлімі кадр саясаты тобының инспекторы Әсемгүл Салимовамен мерекеге қарсаңында әңгімелескен едік.
    Әсемгүл Салимова 1981 жылы Атырау облысы Махамбет ауданында дүниеге келген. Орта білімді сол өңірде тәмамдаған соң, 1999-2003 жылдар аралығында Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде заңгер мамандығы бойынша білім алады. Ол құқық қорғау саласына бала арманымен келген.
     – Мектеп кезінде «Менің арманым» деген шығарма жазғызатын еді. Сол кезде көпшілігіміз мұғалім, полиция боламын деп жазатын едік. Көшеден форма киген ер адамдарды көргенде неге қыздар осылай киінбейді екен деп ойлайтынмын. Әсіресе, өзім сол арнайы киімді кигім келетін. Міне, қазір сол кездегі арманым орындалып, осы салада қызмет етіп жүрмін,- дейді ол.
    Алғашқы еңбек жолын 2005 жылы Махамбет аудандық ішкі істер бөлімінде кеңсе жетекші маманы болып бастаған ол бүгінде аудандық полиция бөлімі кадр саясаты тобының инспекторы лауазымында қызмет атқарып келеді. Биыл Әсемгүлдің ішкі істер органдарында қызметте жүргеніне – 17 жыл.
   – Қазір елімізде «Еститін мемлекет», «Қолжетімді полиция», «Полицияның сервистік моделі» сынды бастамалар халық игілігі үшін жасалып жатыр. Полиция қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі тиіс. Бұл жерде кадрға қойылатын талап та жыл өткен сайын жоғарылауда. Яғни, мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік  өзгелерге қарағанда екі есе жоғары деп айтсам да болады. Себебі, біз басқаға қызметімізбен, мінезімізбен, жүріс-тұрысымызбен үлгі болып,
халық мүддесі үшін аянбай еңбек етуіміз қажет,-деді кейіпкеріміз.

      Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысары белгілі . Қиындығы мен қызығы мол салада жүрген Әсемгүл Салимованың ата-анасына биылғы жылы « Офицердің әкесі» мен «Офицердің анасы» медалі табысталыпты.
       – Біз отбасында бір ұл, үш қызбыз. Ата-анам қарапайым адамдар. Әкем - құрылысшы, анам – есепші болып еңбек етті. Қазір екеуі де зейнеттік демалыста. Олардың бақытты жүзін көру, қуаныш сыйлау парызымыз деп білемін,- дейді ол.
       Мінсіз жұмысының нәтижесінде басшылығыда  еңбегін бағалап, облыстық полиция департаментінің, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың грамота, алғыс хаттарымен марапатталған.

       Кейіпкеріміз – тек погон таққан полиция ғана емес, қоғам тыныштығымен қатар бір қолымен бесік тербеткен аяулы ана. Ұлы Бибарыс – М.Әуезов атындағы орта мектептің үздік оқушысы. Біліммен қатар өнерде де озат ол – Индер балалар өнер мектебінің түлегі. Түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанып, анасының көз қуанышы болып жүр.

        Жалпы бүгінде қоғамда полиция қызметкерлерінің қатарынан нәзік жандыларды көру таңсық дүние емес. Индер ауданының өзінде 12 ару осы салада жүр. Жыл өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Әйел адамның қолынан келмейтін дүние жоқ. Кейіпкеріміздің әңгімесінен аңғарғанымыздай, ол ер азаматпен бірдей барлық жұмысты атқара алады. Әскери тәртіпті бойына сіңіріп, денешынықтырып, түрлі жаттығулардан емтихан тапсырып, қару атып үйренген.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                 Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521