Қоғамдық тәртіп күзетінде

23 маусым - Полиция күні

Қазақстан полициясы соңғы жылдары бірнеше маңызды реформаны бастан өткізіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында полиция жұмысын бағалаудың өлшемдерін түбегейлі өзгерту қажеттігін, полиция қызметінің сервистік модельге көшуі – уақыт талабы екенін басты назарға алады. Мақсат - халыққа сапалы қызмет көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен өзара серіктестікте шешуге баса көңіл бөлініп отыр.
Тәртіп сақшылары  мерекесі қарсаңында аудандық полиция бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы, полиция майоры   Темірханов Ерқанат Айтжанұлын сөзге тартқанбыз.

-    Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруда және тұрғындарды толғандыратын мәселелерді шешуде полиция бөлімімен есептік кездесулер мен  азаматтарды қабылдау өткізіліп келеді. Осы негізде тұрғындардың сапалы өміріне кері әсерін тигізетін жекелеген мәселелер – аудан әкімдігінің жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырыстарында басқа да мемлекеттік органдарымен бірлесе отырып зерделеніп, уақытында шешімін табуда, - дейді салалық бөлімнің басшысы Ерғанат Айтжанұлы.

Сервистік модель бойынша аудандық полиция бөлімі ғимаратының алдынан фронт-офис ашылғаны белгілі. Фронт-офисте көші-қон, қару айналымы,  көлік құжаттарын рәсімдеу сынды салаларды қамтиды. Қабылдауға келген тұрғындар  қылмыстық істің тергелуі, алимент қарыздарын өндіру сынды құқықтық сұрақтарын, өтініштерін бере алады. Полицияның қоғаммен байланысын нығайтуға, ашықтығын қамтамасыз етуге септігін тигізетін бұл нысанның қызметі  тұрғындар үшін  өте тиімділігіне куәсіздер. 
Сонымен қатар полиция басшысы тәртіп сақшылары тұрғындармен кері байланысқа шығу үшін барлық учаскелік полиция инспекторлары үй иелеріне, ауылдық жердің тұрғындарына «Ватсап» желісі арқылы қосылғандығын атап өтті. Айта кетейік бүгінде аудан бойынша 15 учаскелік полиция инспекторы қызмет етеді. Халықтың күнделікті қайнаған тіршілігінің ортасында жүретін учаскелік инспекторлар  қызметінің көпке біліне бермейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол, қиындығы жетіп артылады.

- «Жұртқа жақын полиция» қағидатын жүзеге асыруда аудан әкімдігінің қолдауымен бірқатар жұмыстар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ауданда 2 учаскелік полиция пунктінің құрылысы аяқталып қолданысқа берілді. Учаскелік полиция бекеттері тиісті құрал-жабдықтармен, компьютерлік техникалармен және жиһаздармен толық қамтылған. 
Сонымен қатар, аудан бойынша адамдардың көп шоғырланатын жерлерінде, барлық қажетті заманауи құралдармен жабдықталған 1 модульді стационарлық бекет орнатылып жұмыс жасауда, - дейді сала басшысы Ерғанат Айтжанұлы.  

 Сала басшысы Жолдауға орай «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде қоғамдық орындарда және көп пәтерлі тұрғын-үйлердің аулаларында тұлғаны тану функциясы бар бейнебақылау камераларын орнату туралы  аудандық әкімдікке ұсыныс хат жолданғанын,   қазіргі уақытта Индербор кентінің орталық көшелеріне 7 бейнебақылау орнатылғанын атап өтті. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын таппақ екен.  Сонымен қатар Индерборда және ауылдық округтерге қажетті бейне бақылау камераларын орнату бойынша «Мекен-жай бағдарламасы» жасақталып, Атырау облыстық полиция департаментіне  ұсыныс жолданыпты. 
Бүгінде «Дабыл батырмасы» бойынша аудандағы мектептер мен балабақша, және ауылшаруашылық  колледжді дабыл батырмасы АПБ-нің кезекші бөліміне жалғанған. Барлық «дабыл батырмасы» жұмыс жасап тұр. Бөлімнің жедел кезекшілерімен тәулік бойы қадағалануда.
Қылмыстың алдын алу мақсатында адамдар көп шоғырланатын сауда орталықтарында, базарларда және  ірі мекемелерде  кездестірулер ұйымдастырылып, қаржы пирамидаларының және алаяқтық жасау әдістері және түрлері туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Оған арнайы  ескертпе суреттер жапсырылуда.
Әттеген-айы  ауданымызда ауыр қылмыстар да ара-тұра  орын алып отырғаны жасырын емес. Сонымен қатар  ауданда алаяқтық қылмыстардың да өсуі байқалады екен. Мысалы, былтырғы өткен 5 айда    10 алаяқтық қылмыс тіркелген болса, биылғы осы мерзімде   аталған қылмыстың саны  38-ге жоғарылап отыр екен.  

-Алаяқтық қылмыстарды ашу мақсатында азаматтарды күмәнді қаржылық жобалар мен мәмілелерге тартуға байланысты алаяқтықтың алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Қаржы пирамидалары мен алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі материалдарды жергілікті халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуде, - деді салалық бөлімнің басшысы Ерғанат Айтжанұлы.

Әйтәуірі  қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар  50 пайызға төмендеген. Былтыр мұндай қылмыс 4 рет орын алса, биыл  2 рет кездескен. Көшеде жасалған қылмыстар да былтыр 2 рет кездессе, биыл орын алмаған.  Алкогольдік күйінде және есірткі заттарын пайдалану күйінде жасалған қылмыстар былтыр 3 рет кездессе, биыл 2 рет орын алып отыр.  Жасөспірімдермен жасалған қылмыстар саны былтыр да биыл да біреуден кездесіп отыр.  
Сала басшысы төл мерекелері қарсаңында полиция бөлімі басшысының тергеу жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Уәлихан Нұрланов, аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі  Батырбек Қайыржанов, учаскелік инспектор, полиция  капитаны  Тұрлан Ильяшов, тергеуші, полиция капитаны Айгерім Құрмашева және тағы басқа тәртіп сақшыларының тындырымды қызметін атап өтті. 
Қоғамның тыныштығы  мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында  қиын да қатерлі міндет атқаратын  үшін  құқық қорғау саласының қызметкерлері төл мерекелері құтты болсын. Әрдайым абырой мен сенім биігінен шығып, халыққа жақын болуына тілекшіміз.  

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521