Қаңғыбас ит-мысықтан қалай құтыламыз?

сурет ашық дереккөзден алынды

«Атырау» газетінің 2023 жылғы 24 қаңтардағы санында ел ағасы, ауданымыздың, облысымыздың Құрметті азаматы Қатимолла Ризуановтың қоғам өміріндегі біршама өзекті мәселелерді қамтыған сұхбаты жарияланды. Осы сұхбат кезінде қаламызда, басқа де елді мекендерде қаптап кеткен қаңғыбас, бұралқы иттер мен мысықтар жөнінде әңгіме болыпты. Меніңше, газет тілшісі бұл жайды дұрыс көтерген. Тікесінен қойылған «Бұралқы ит пен мысық кімге, неге керек? Оның қандай пайдасы бар?» деген сұрақтарға Қатимолла ағамыз лайықты көңіл бөліп, өз пайымдауларын келтіріп, жауап бергені өте дұрыс болған. «Бәлкім, әлемдік тәжірибе дер, алайда біз өз менталитетімізге, өркениетімізге қарауымыз керек емес пе?» деген ой айтқан Қ.Ризуанов. Бұл – өте дұрыс тұжырым.

Қазақ халқы - Ислам өркениетінің қағидаларын ұстанған халықтардың бірі. Ал Ислам діні жануарлар мен жәндіктердің адамға зияндыларынан басқаларына ешқандай залал жасамауды қолдайды. «Мұхаммед Пайғамбардың хадистері» жинағында Алматы, 199 – жыл, бет, тармақ) «Өлтіруге болады» деп рұқсат берілген зиянды жыртқыштардың бірі – қабаған ит. Қазақтардың итті «Жеті қазынаның» біріне жатқызатыны рас. Алайда, ол орман-тоғайларда өмір сүретін жабайы немесе ел ішінде қаңғып жүрген қаңғыбас, бұралқы ит емес. Өткен дәуірлерде қазақтар үшін пайдалы және қажет болған ит тұқымдастар — жүйрік тазылар және ауыл-аймақты, мал мен жанды жабайы жыртқыштардан, ит-құстардан қорғайтын, «қасқыр алатын» батыл да күшті қазақы төбеттер. Қазақтың көптеген үйінде шарбақты күзететін, бөтен адамдар келгенде үріп, үй иелеріне дыбыс білдіретін иттер болған, әлі де бар. Алайда олар қазіргідей елді мекендердің көшелерінде қаңғып жүрмеген, адамдарға шаппаған. Бүгінде кейбір қазақтар қабаған «овчаркалар» мен тұқымы белгісіз, сабалақ иттерді, кейбіреулері «Алабай» тұқымдас, аю пішіндес иттерді ұстағанды өздеріне мәртебе санайды. Кейбір үйлерге бара қалсаң, алдыңнан құтырынған, түрлерінен адам шошитын, ауыздарынан арам сілекейі шұбырған иттер қарсы алады. Мұндай үйлердің есіктерінде «Шарбақта қабаған ит бар» деген ескертулер де ілінбейді. Ең бастысы, үйден біраздан кейін барып шыққан үй иесі: «Ә...менің итімді көрдің бе, зәрең ұшты ма, бәлем!» дегендей маңғазданып біршама тұрып барып, шабалақтаған жаман итіне «кет! қой!» деместен, оның үргеніне қосыла «кім керек?», «не керек?» деп, өктем тіл қатады. Алдыңғы жылы «Дендер» газетінен бір пошта таситын әйелді жеті рет ит қапқанын, ол жанкешті әйелдің сонда да жұмысын жалғастырып істеп жүргенін оқып, «қай заманда, қандай елде тұрып жатырмыз?» деген ойға қалғанмын. Ол әйел, әрине, бала-шағасын асырау үшін жанпидалықпен амалсыздан еңбек етіп жүр. Осындай жайды естіп-білгендер, ең алдымен ұжымның басшысы, құқық қорғау органдары, жергілікті билік, адамның еркін жүріп-тұру, иттерден келетін қауып-қатерсіз өмір сүру құқығын қалай қорғайды деген ойға қалдым. Сол әйелді қапқан иттердің иелеріне шара қолданылды деген анық хабарды естігенім жоқ.

Менің жоғарыда айтылған Қатимолла ағамызға қойылған алғашқы сұрақтарға беретін жауабым: біріншіден, қаңғыбас, бұралқы ит пен мысықтардың ешкімге де, ештеңеге де керегі жоқ. Керек дейтін адамдар болса, ел алдына шығып дәлелдесін; екіншіден, қаңғыбас ит пен мысықтардан ешкімге де ешқандай пайда жоқ, ал зияны өлшеусіз. Мысалы, ауданымызда да жылына ондаған адамды ит қабатындығы туралы хабарламалар шығып тұрады. Бұл не деген сұмдық! Барлық қаңғыбас, бұралқы ит-мысықтар толықтай жойылып отыруы керек қой. Қазір кейбір адамдар, елімізде жаңадан қабылданған жануарларды қорғау туралы заңға сүйеніп, өздерінің мойынында қарғысы бар, бірақ ауыздарына тұмылдырық кигізілмеген иттерін көшеге бос жіберетін болғандары туралы газетте айтылған. Бұлар басқаны сыйламайтын, өркөкірек адамдар деуге болады.

Қорыта айтқанда, иттер мен мысықтарды қорғау туралы заңның күші жойылуы тиіс немесе оған түбегейлі өзгерістер енгізіліп, адам қауіпсіздігіне сәйкестендірілуі керек. Әйтпесе, ит құрлы қадіріміз қалмай бара жатыр...

Самиғолла ҒАЛЫМҰЛЫ,

кент тұрғыны

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521