Жас «жайдарманшылар» сынға түсті

Атырауда оқушылар арасындағы тапқырлық сайысының ең қызықты кезеңдерінің бірі — «Жайдарман» ойындарының «Мектеп» лигасының жартылай финалы өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «Ақсұңқар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан «JAIDARMAN» жобасы жасөспірімдердің ой-өрісін кеңейтіп, сөйлеу мәдениетін дамытуға, көпшілік алдында еркін пікір білдіруіне жол ашады. Сонымен қатар балалардың бос уақытын пайдалы өткізуге, белсенді, креативті жас буын қалыптастыруға ықпал етіп келеді.

Биыл өңір мектептері үшін арнайы құрылған «Мектеп» лигасының маусымдық ойындары қыркүйек-желтоқсан айларына жоспарланған. Лига бірнеше кезеңнен тұрады: 1/8 іріктеу, 1/4 финал, жартылай финал және үлкен финал.

Бұл жолы ширек финалда топ жарған 8 команда «Сәлемдесу» және «Жамбы ату» сайыстары бойынша өзара бақ сынасты. Жартылай финалдың тақырыбы – «Заң және тәртіп». Әзілін салмақпен жеткізе білген командалар финалға жолдамаға ие болады.

Жартылай финал қорытындысы бойынша «Бином тентектері», «Біз жанбасақ лапылдап», «Q-елі» және «Әжесінің балдары» командалары финалға жолдама алды. Финалдық ойындар 7 желтоқсанда өтеді.

Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT