Индерлік жас республикалық айтыс жүлдегері атанды

Индерлік Жандос Байбақты (суретте: оң жақта) "Жыр алыбы-Жамбыл" атты Республикалық жас ақындар айтысында «Тақырыптық айтыс» номинациясы бойынша Есдәулет Кәндеков атындағы арнайы жүлде иегері атанды.

Нақтырақ айтсақ, 9-11 наурыз күндері Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш кентінде Қазақстанның барлық аймағынан 32 ақын тақырыптық және қайым айтыс бойынша сынға түседі. М.Әуезов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Жандос Байбақтының айтыс өнеріне қатысып, талантын жетілдіріп жүргеніне екі жылға жуықтапты.

– Тақырыптық айтыс номинациясында алғашқы айналымда Алматы облысының ақыны Максетбаев Самат атты жас айтыскермен шығып, 44-37 есебімен жеңіске жеттім. Және алғашқы айналымдағы нәтиженің арқасында Есдәулет Кәндеков атындағы арнайы жүлде иегері атандым. Мені айтысқа дайындаған ұстазым Республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері Қуандық Көргеновке және жетекшім мектебіміздің директоры Даулетова Роза апайыма алғыс білдіремін, -дейді жас айтыскер Жандос Байбақты қуанышты кейіппен.

Ал, жетекшісі, Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің директоры Роза Дәулетова кітап оқуға ұмтылысы жоғары, білімді балалар қатары көбейіп келеді, сондықтан әлі талай жетістіктердің биігінен көрінеміз дейді.

– «Жыр алыбы – Жамбыл» атты ақындар айтысы бізде бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Соңғы 5-6 жыл бойына осы айтыста Индер ауданының оқушылары облыстың намысын қорғап, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүр. Атап айтсақ, Бектас Төлеуғалиев, Баймұрат Кеңес, Нұрасыл Иса секілді оқушыларымыздың қатарына биыл Жандос Байбақты да қосылып, қатысқан 20 баланың арасынан арнайы жүлдеге ие болды. Жалпы қазіргі таңда ынталы балаларымыз көп. Былтыр мектепішілік, одан кейін аймақтық айтыс өткіздік. Ең бастысы, бала кітап оқитын, зерделі, жаттау қабілеті жоғары болуы қажет. Бұл қасиеттер баланың бойынан табылса биік белестерді әлі де бағындыра бермекпіз, - деді жетекшісі әрі мектеп директоры Роза Дәулетова сөзге тартқанымызда.

Ендеше, «Талаптыға нұр жауар» демекші, көпшілік алдында ұтымды сөз саптай білетін жастарымыз көп болсын!

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521