Индербор кентінде бұған дейінгі жылдары жаңа кәріз стансасы мен көшелерде кәріз желілері жүргізіліп, үлкен бір іс тындырылған болатын.
Алайда көшелерде кәріз желісіне арнап бірнеше метрге дейінгі тереңдікте қазылған жерлер өз әсерін беріп келеді. Жылда автокөлік жолымен қатар, жаяу жүргіншілер жолына да зардабын тигізіп, жері ойылып қалуда. Аудан әкімі баяндамасында 1500 шаршы метр жерге кенттегі Меңдіғалиев, Тайсойған, Нұрманов, Қ.Тұхфатов, Ш.Уәлиханов, Д.Қонаев, Б.Майдыров көшелерінің бойындағы түсіп кеткен жаяу жүргіншілер жолына жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін атап өтті.
Ойылып қалған жерлердің астына топырақ төселіп, жанына бордер салынып, брусчатка төселмек. Ал 814 шаршы метр жерге М.МөңкеұлыНарын, І.Көпбаев-Нұржанов, Шамин-Махамбет, І.Көпбаев-«Бейбітшілік»-Орталық саябақ көшелерінің аралығына да жаңадан жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Кент басындағы өзекті мәселенің бірі болған Ақтау көшесіндегі, «Көктем» мөлтек ауданындағы және Қарекей зираттарын коршау жұмыстары басталды. Сондай-ақ, аудан әкімі Д.Шамұратов өзінің баяндамасында кенттегі балалардың ойын алаңдары, коммуналдық желілер бойынша да тоқталып өтті.
– Индербор кентінде көптеген жобалар жүзеге асуда. Ең бастысы, жылдар бойы өзекті мәселе болып келген қоқыс полигоны мен апатты үйлерді көшіру бойынша жұмыстар шешімін тауып келеді. Қалған құрылыс нысандары мен ойын алаңдары және жол және жарықтандыру жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуын қатаң бақылауға алатын боламыз, - деді аудан әкімі Дарын Дүйсембайұлы.
Жиында, сондай-ақ, Индербор кенті әкімі Алмурзиев Шалқар Болатұлы да баяндама жасап, биылғы жарты жылдықта жасалған жұмыстары мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын жоспарларымен бөлісті.
Саламат БАЗАРБАЕВ