Етікші келіншек

Өнерлінің бір атауын "шебер" дейді. Өз кәсібінің шыңына жетіп, он саусағынан өнер тамған шеберлер қашан да сұранысқа ие. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», - деп Абай айтқандай, арамызда нәзік жанды жерлесіміз Слекенова Мөлдір Қанатқызы қарапайым етікшілік кәсібін шебер меңгеріп, бүгінде соның берекесін көріп отыр.

Мөлдір Қанатқызы бұған дейін Индербордағы «Батыр» базарында кәсіп жасаса, қазір аудандық баспахана ғимаратының бір бөлмесін жалға алып, ісін жалғастыруда. Аядай бөлмеде шебердің құрал-жабдықтары мен қыз-келіншектердің де, жігіттердің де аяқ киімдері жиылып тұр. Амандық-саулықтан соң етікші келіншік етігін тігіп, шар қайрағын жонып отырып, өз кәсібі туралы сыр шертті. Бас-аяғы жарты сағаттың ішінде бірнеше адам шеберге тапсырыстарын беріп, етігі дайын болғандары ризашылығын білдіріп кетіп жатты.

– Аяқ киім болғасын сәл жыртылса да, не сыдырмасы сынса да етікшіге келеміз. Өзіміздің қолымыздың ебі болмағасын қайдан ұғынықты етіп жасап алайық? Ауылдан осы кәсіпті меңгерген етікшілердің болғаны қандай жақсы, әйтпесе қалаға тасып жүруге тура келеді ғой, – деді тапсырыс беруге келген Хамидолла есімді жігіт.

– Мөлдірге бұрыннан да келіп, етіктерімді тіктіріп жүрмін. Егер газетке жазатын жан болса, лайықтысы – осы. Талайдан бері адал еңбегімен халықтың алғысына бөленіп келеді, – дейді етігін алуға келіп тұрған Гүлмира есімді клиент.

Кейіпкеріміз М.Әуезов атындағы орта мектепте білім алған кезінен тігіншілік кәсіпке бейім болып өседі. Технология пәні мұғалімі Жеміс апайынан үйренгені көп болыпты. Ал етікшілік кәсіпті тұрмыс құрғаннан кейін ғана меңгеріпті.

Мөлдірдің қайнағасы Жәнібек Оразбайұлы да – шебер етікші. Бұрын Индерде іс тіксе, қазір кәсібін Атырауда жасайды. Кейіпкеріміз етікшілік кәсіпті алғаш келін болып түскеннен кейін осы қайнағасынан үйреніпті.

–Етікшілік кәсіп маған қызықты көрінді. Әрі мектепті жаңадан тәмамдаған менің оқу бітірген дипломым да жұмысым да жоқ еді. Қолым бос болғандықтан қайнағама көмекші бола жүріп, етік жөндеудің қыр-сырын үйреніп алдым.

Әрине, алғашқы әзірде өзімнің әке-шешем бұл қыз балаға жараспайтын кәсіп деп қарсылық білдірді. Кейін менің жан қалауым осы етікшілік болғасын ғана келісті, – дейді ол.

Қайнағасы отбасы жағдайымен Атырауға көшуге бел буғанда, қажетті құрал-жабдақтарын алып қалған. Рас, алғашқы кезде 19 жастағы жас келіншектің аяқ киім жөндейтінін ешкім біле қоймапты. Білсе де көбі аяқ киімін жөндетуге сенімдерін білдірмейді. Сөйтіп алғашқыда клиент болмайды. Бірді-екілі клиентке жөндеп беремін деп жақын тартып, аяқ киімінің тақасын ғана жаса десе де барлық жерін да сапалы жасап, кремдеп жаңа аяқ киімдей жалтыратып қоятын болыпты. Етікшінің еңбегіне риза болғандар көбейіп, тапсырыс та арта бастайды. Қазір тек кенттің іші ғана емес, ауылдық тұрғындарының да аяқ киімдерін жөндетуге әкелетіндері көбейген. Егер тапсырыс көп болып жатса, үйіне алып кетіп жөндейді.

Ұстаханасында аяқ киімдерді қарапайым бізбен тігеді, клиенттердің қалауына қарай қонышын қысқартады. Замоктарын және бірқатарын арнайы аяқ-киім тігетін іс машинасымен атқарады. Әйелдердің де ерлердің де аяқ киімдерінің өкшелерін жөндейді, табанын да ауыстырып береді. Бүгінде қайнағасынан қалған құралдары тозығы жеткендіктен, жаңа тігін машинасына ауыстырған, басқа құралдарын да жаңартқан. Жөндеуге қажетті материалдарды негізінен Ақтөбе қаласынан алдырады екен. Мысалы, замоктарды бірнеше метрлеп алып, аяқ киімдердің өлшеміне қарай қондырып отырады. Негізінен көктем, күз, қыс айларында тапсырыс көп көрінеді.

Кәсіпкерлікті қолдауға грант алуға талпынып көргенімен мүмкіндігі болмайды. Өйткені, алдағы уақытта тек етікшілікпен шектеліп қалмай, оқығанды жөн көреді.

– Осы етікшілік кәсібімнің арқасында Орал қаласынан Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжін тәмамдадым. Қазір Батыс Қазақстан инновациялық технология университетінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша білім алудамын.

Қазір Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке орналасып, аталмыш пәннен сабақ берудемін. Сабағымнан босағанда, үйдегі бала-шағамның асын дайындап болғаннан кейін кәсібімді жалғастырамын. Қазір тек түске дейін ғана аяқ киім жөндеп жүрмін. Күніге 4-5 жұп аяқ киім жасап үлгеремін. Тігуді жылдам жасасам, өкшелерді жөндеуге уақыт керек болады. Қазір мұғалімдік қызмет атқарсам да, етікшілік кәсібімнен айныған жоқпын. Қазір бір күн кәсібімді жасамай қалсам клиенттер үйден алып кетуге дайын. Үкімет жалақымды қашан көбейтеді екен деп күтіп отырамын ба?!

Осы кәсіпті меңгергеніме еш өкінбеймін. Адал еңбегіммен көпшіліктің сұранысына ие болып отырғаныма ризамын. Алғыс айту, Құрбан айт күндері клиенттеріме еңбегімнің құнын 50 пайызға дейін түсіріп, жақсылық жасауға ұмтыламын, – дейді етікші келіншек Мөлдір Қанатқызы сөзге тартқанымызда.

Кейіпкеріміз – өз ісінің шебері ғана емес, отбасының ибалы келіні. Жолдасы Самал Оразбайұлы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте көркемеңбек пәнінен дәріс берсе, екеуінен тараған Баян мен Сұлу, Мұхамед пен Қабанбай атты кішкентай ұл-қыздары өсіп келеді.

– Кішкентайларымызды қарасып, біздің алаңсыз еңбек етуімізге жағдай жасап, ақыл-кеңесін беріп отырған енеме ризамын, – дейді ол.

Осылайша, ісмер келіншек қарапайым еңбегімен көпшіліктің сұранысы мен құрметіне бөленіп отыр.

Саламат БАЗАРБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521