Еріктілерге ел риза

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің елге арнаған бір сөзінде «Еріктілер – жаны таза адамдар. Олар-елдің шынайы патриоты, ол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз»,-деп ерекше баға беріп өткен еді. Олай болатын да жөні бар. Әсіресе ғаламды жайлаған індет салдарынан туындаған пандемия кезінде жаны тарыққан ағайынға ең алдымен қол ұшын созып, жәрдемдескен осы еріктілер болатын. Осындай еселі еңбекті аудандық мәдениет үйінде өткен жиында аудан әкімі Мейірім Қалауи атап өтіп, арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Расында да осы тышқан жылы кім-кім үшінде оңай тимеді. Пандемия өз алдына түрлі табиғи апатттар орын алып, көптің көңілін күпті еткені анық. Әсіресе Түркістан облысы Мақтарал ауданында орын алған су тасқыны талайдың жүрегін қан жылатты, көңілін жасытты. Дегенмен ежелден бауырмалдыққа, қайырымдылыққа бейім қазақ елі олар кезіккен қиындықты көтерісе білді. Олардың арасында Дендер жұртының да көмегі ерен.

audan-akimi-foto

«Индер-Газель» еріктілер тобы көршілес тасқыннан зардап шеккен бауырластарымызға 7 тонна азық-түлік, 6,5 тонна киім-кешек, баспана мүліктерін, 4 тонна тұрмыстық құрылыс заттарын, 1 млн 100 мың теңгеге жуық қаржылай көмек көрсетті. Тарыққанға қол ұшын созып бауырмалдық танытқан еріктілердің жанкешті еңбегіне қайтып риза болмассың. Солардың қатарында өзінің жүріп тұру мүмкіндігі шектеулі болса да қоғам өмірінен тыс қалмай белсенділік танытып жүрген Қуат Жанесеев те бар. Өз сөзінде ол:

-Еріктілер биыл көптеген жұмыстар атқарды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді. Ол тек қана біздің емес бірінші Алла, екінші халықтың арқасы. Биыл өзіміз көтеруімізбен Индер ауданына қарасты төрт жанұяға мүмкіндігі шектеулі, мұқтаж адамдарға баспана алып берген жайымыз бар. Осылай тоқталып қалмайды. Алдағы уақытта жұмысымызды атқара береміз,-дейді бізбен әңгімесінде. Қуаттың осынау қызметіне аудан басшысы Мейірім Жоламанұлы жиын үстінде арнайы тоқталып өтуі де орынды көрінді.

kuat-zhaneseev

Биылғы еріктілер жылында жастар арасында ерекше белсенділік байқалғанын баса айтуымыз қажет. Жаңадан 24 топ құрылып қатарына 321 ерікті тартылған көрінеді. Еріктілердің тікелей атсалысуымен аудандық орталықтандырылған ауруханаға оттегі балонын тасуға қол ұшын созды. Азық-түлік, ет өнімдерімен қамтамасыз еткен шаруашылық жетекшілері де болды. Олардың арасында жарсуаттық «Шапағат» еріктілер тобы да белсінділердің қатарында. О баста 5 адамнан құрылған топ мүшелерінің саны 70-ке жуықтаған. Аталған еріктілер тобының жетекшісі Байғали Өтеманов та сөз алып қолындағысымен бөлісіп, тарыққанды демеп отыру ежелден бар үрдіс екенін айрықша атап өтті.

-Біздің мына өмірден жинаған тәжірибемізді, көрген-білген, үлкендерден алған өнегемізді, ұлттық тәрбиені кейінгі ұрпаққа жеткізу міндетіміз. Осыдан үш жыл бұрын 2017 жылы «Шапағат» қайырымдылық қорын құрғанбыз. Басында 4-5 жігіт бастадық. Көздеген мақсатымыз елдің арасында болып жатқан жағдайларды, мұқтаждықтарды жою, ауылды көркейту, талантты өнерлі балалар шықса соларды жоғарыға жетелеу, жеткізу бағытында жүріп жатырмыз.Қазір қоғамдық ортадағы шараларға белсене қатысып жүрміз. Мектепте өтетін ата-аналар жиналысына бара қалсаңыз тек әйел адамдар ғана. Ал ер адамды мүлдем көрмейсіз. Мұның өзі сол ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Әке тәрбиесін жетік көрмеген ұлдың бойында ер азаматқа тән мінез қалыптаспайды. Одан елге деген жанашырлық, ұлтжандылық мінездің де табыла қоюы да қиын. Біздің еріктілер тобы осынау әке тәрбиесін жаңғырту бағытындағы шараларға да белсене араласып келеді,-дейді өз сөзінде.

azamat-tlegenov

bibinur

merej-kabiev

timur-abajuly

sayasatov-shynbolat

dastan-dosmaganbetov

Осы салтанат үсінде марапатталғандар қатарында есболдық Әсет Бақыт, өрліктік Азамат Тілегенов, елтайлық Нұрғали Жалиев, Мерей Қабиев, Қуат Жанесеев, жарсуаттық «Шапағат» еріктілер тобы, «Бөдене жастары», көктоғайлық Тимур Умаров, аққалалық Сержан Бисенов, индерборлық Дастан Досмағанбетов, Бибінұр Ищанов, Шынболат Саясатов, Жаннат Абдуайтова, Анар Серғазиева, «Индер Газель» еріктілер тобы арнайы марапатталып, құрметке бөленді. Есімдері аталған азаматтар мен ұйымдардың атқарған қызметіне ел дән риза. Себебі олар осы жылы ұланғайыр іс атқарып, ұлтқа қызмет етті.

gul-men-algys-khat

Волонтерлік қызмет атқаруда өзіндік тәжірибесі бар «Халық алғысы» медалінің иегері Мира Есениязова және жерлесіміз Асхат Ахатұлы да осы шараға арнайы шақырылып аудан халқының атынан арнайы сыйлық табысталды. Құрмет көрген Мира Тарғынқызы елдің еңсесін түсірген жағдайда белсенді қызмет еткен сәттерін есіне алып жан-жақты тәжірибе жинақтағанын тілге тиек етті.

algys-khat-tabystau

Салтанатты шарада аудан өнерпаздары Олжас Аққалиев, Перизат Жарасова өз өнерлерін көрсетті.

С.КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521