"Достыққа адал дархан халық"

Бірде жұмыс бабымен ауданның кен байлығын игеруде өзіндік үлес қосып отырған «ИСИГипсИндер» ЖШС барғанымыз бар. Әрі астанада бір топ депутаттар ауданға келіп, серіктестік жұмысымен танысу керек болатын. Елордалық меймандар келгенше зауыт жұмысшыларымен тілдесіп тұрғанбыз.Кенет түрі өз ұлтымызға келіңкіремейтін талдырмаш қыздың қазақ тілінде таза: «Сәлеметсіздер ме, қош келдіңіздер! Сіздерді серіктестік директоры қабылдауға дайын, кіре берулеріңізге болады»,-деді. Немістің әйгілі «КНАУФ» фирмасына қарайтын мекемеде тілге деген құрметтің сақталғанына да сол кезде риза болысып қойғанбыз. Кейін де бұл үрдіс үзілмей әріптестік байланыс жалғаса берді. Орайы келгенде кейіпкерді сөзге тартуға тура келді. Оның есімі – Тупинянц Фаина Владимирқызы.

-Мен Армян ұлтынан болғаныммен, осы жердің тумасымын. Ата-анам Владимир мен Валентина – кенттің байырғы тұрғындары. Мен 1985 жылдың 7 қарашасында дүниеге келдім. Шаңырақта жалғыз қыз болып өстім. Әкем Индер борат кенішінде, кейін Теңіз қалашығында жұмыс істесе, анам сауда-саттық саласында қызмет етті. Араласатын жандардың дені де жергілікті ұлттың өкілдері болды. Жақын араласуымның арқасында мен қазақ тілін еркін меңгеріп кеттім. Көршілес құрбыларымның дені қазақ қыздары, олармен тату-тәтті қарым-қатынаста болдым. Бала кезден қалыптасқан жақсы қасиет өсе келе жойылған жоқ. Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте білім алдым. Бастауыш сыныпта дәріс берген Тупинянц Нина Александрқызы, жоғары сыныптарда Светлана Сапарова сыныбымызға жетекшілік етті. Әр кезеңнің өз қызықтары бар ғой. Мен үшін солардың қай-қайсысы да ыстық. 2009 жылы әкем өмірден өтті. Сол кезде көршілеріміз, таныстарымыз қайғымызға ортақтасып, қолдау көрсетті,-дейді кейіпкеріміз Фаина Владимирқызы.

Кейіпкеріміздің сөзінен ұққанымыздай, әр ұлтттың өзіне тән ерекшелігі болады ғой, сол ерекшеліктің денін ешкімнің нұсқауынсыз-ақ өн бойына сіңіріп өсіпті. Шаңырақтың жалғыз қызы болып бой жетсе де оғаш мінез көрсетпеген Фаина 2004-2008 жылдар аралығында Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетін құқықтану мамандығы бойынша оқып бітірген. Жүрек қалауымен таңдаған мамандығын игерген ол 2014 жылы «ИСИГипсИндер» ЖШС алғашқыда хатшы-референт болып жұмысқа қабылданды.

Жұмысқа деген алғырлығы мен ұқыптылығы серіктестік басшылығы мен өзге әріптестерінің тарапынан жоғары бағаға ие болыпты. Сөйтіп 2016 жылдан бастап мамандығына сәйкес серіктестіктің заңгер-кадр бөліміне жоғарылатылған. Содан бері табан аудармастан, өзіне жүктелген міндетті абыройлы атқаруда.

-Серіктестікте 100-ден аса адам қызмет етеді. Әртүрлі ұлт өкілдері кездесетін ұжымда кемсіту, бір-бірінен бөліну деген жаман қасиет атымен жоқ. Мен жұмыста көбіне қазақ тілінде сөйлеймін. Содан да болса керек, әріптестерімнің құрметіне бөленіп жүремін. Негізінен алғанда қазақ – достыққа берік дархан халық ғой. Менің өмірімде олардың болғанына ризамын. Алда арман мен мақсат көп. Олардың орындаларына сенімдімін,- дейді ол.

Ендеше қазақ тілін өзінің ана тілінен кем көрмей құрмет көрсетіп жүрген кейіпкеріміздің арман-тілегінің орындалуына да біз де тілекшіміз.

Сұңқар КӨШЕКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521