Әділдік іздеп келді

Атырау облысы прокурорының орынбасары Нұржан Серікұлы аудан тұрғындарына жеке қабылдау өткізді. Негізгі мақсат - тұрғындарға заңды түсіндіру, жедел және өзге де құқықтық көмек көрсету.

Қоғамдық қабылдауда бұқаралық ақпарат құралы өкілі ретінде куә болғанымыздай, аудан тұрғындары арасынан заң талабына сай көмек сұрап, әділдік іздеп келгендердің қарасы көп болды. Тұрғындардың көтерген мәселелері де сан-алуан. Мысалы, тұрғын А.Бақтыгереева мен Г.Тасыбаеваны банктың қызметінен гөрі, сот орындаушылардың қызметтік міндетін асыра сілтеп пайдалануы осы қабылдауға келуге мәжбүр еткендерін ашына айтты. Е.Кенжеғалиев мал ұрлығына қатысты негізсіз айыпталғанын, соның зардабынан ақ адал малынан айрылып отырғанын алға тартты. А.Нысанов өзіне қатысты қылмыстық істің әділ жүрмегеніне шағымданды. Сонымен қатар А.Сатанов, М.Кенжешалиева, О.Григорьева , Ш.Мырзағалиева сынды тұрғындар келіп, толғандырған мәселелерін көтерді.

Облыс прокурорының орынбасары Нұржан Серікұлы қоғамдық қабылдауға келген тұрғындардың толғандырған сауалдарына толымды жауап қайтарды. Сонымен қатар көтерілген мәселелер жеке қадағалауына алынатындығын қаперге берді.

Аудан прокуроры Абзал Сахиевтан білгеніміздей, бұл күні облыс прокурорының орынбасары Н.Серікұлы денсаулықтарына байланысты өтініштеріне сай ағайынды Қ.Қапаровтардың үйлеріне барып, мемлекетпен кепілдендірілген тегін заң көмегі ұсынылғанын атап өтті.

Жеке қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Әсет Оразғалиев пен аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Берікқали Жанұзақов қатысып, өз салалары бойынша түсінік берді.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521