Бөдене ауылында жаңа кәсіпкерлік нысан ашылды. Ауыл тұрғындарының игілігіне жеке кәсіпкер Айгүл Иманғалиева өз бизнесін дамытып, маңызы бар азық-түлік тауарлары, басқа да тұрғындарға қажетті тауарлар сататын "ҚАЙРАТ" дүкенін іске қосты.
Бұл қуанышқа округ әкімі Ғизатов Жанболат Самиғоллаұлы, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатынасты.
Кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанатын округ әкімі ашып, халықтың игілігі жолындағы жасап жатқан істеріңіз оңымен болсын деп ақжарма тілегін білдірді.Одан кейін Индер аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Ғұмарова Айдана Нағимқызы құттықтап, кәсіпкер Айгүл Иманғалиева келген көпшілікке алғысын білдірді.
Мұнан кейін Индер аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы А. Ғұмарова және кәсіпкерлік нысанның иесі А. Иманғалиева салтанатты түрде лента қию рәсімін жасады.
Әрі қарай тұрғындар дүкенді аралап көріп, таңдаулы тауарлардың алуан түрімен танысты. Дүкен иесін құттықтап, ізгі тілектерін де білдіріп жатты.
"Қамқорлық акциясы" және кәсіпкерлік нысанның ашылуына орай, бүгін келген тұрғындарға нан тегін берілді. Ерекше 11 балаға арнап дүкен иесі сыйлықтар табыс етті.