Ауданда жыл үздіктері марапатталды

Бүгін аудандық мәдениет үйінде әр салада жемісті еңбек еткен, сан саланың қыр-сырын меңгерген азаматтарға «Жыл үздігі – 2019» номинациясын тапсыру салтанатты кеші өтті.

Мерекелік жиында сөз алған аудан әкімі Мейірім Қалауи атқарылған жұмыстарға тоқталып, осындай шаралар арқылы еңбек адамдарын ұлықтай отырып, өскелең ұрпақты еңбек етуге шақырды.

dsc_1761

-Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің стратегиялық құжаттарында еліміздің нақты даму жолын атап көрсетсе, ал еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында еліміздің экономикасын қай бағытта даму керек екендігі жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Сол құжаттардың негізінде тұратын ең бірінші – еңбек адамы. Сондықтан біз қай кезде де болмасын, еңбек адамдарын ұлықтауымыз керек. Егер де ауданымызда еңбек ететін адамдардың саны неғұрлым көп болса, соғұрлым экономикамыз дамып, ауданымыз гүлденіп, халықтың тұрмысы жақсаратын болады,-деген ол көпшілікке жылы лебізін білдірді.

dsc_1795

Көңілді ән мен биге толы, жыл үздіктерін марапаттауға арналған бұл салтанатты мерекенің келесі кезегінде аудан өңірлерінде еңбек жасап, қызмет етіп жүрген бірталай азаматтар өз салалары бойынша үздіктер қатарынан табылды. Әр саланың үздіктерін арнайы түрде аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы Бағдат Сапаров, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Асқар Үмітқалиев, ауданның Құрметті азаматы Ерсайын Көшек марапаттау рәсімін жасады.

dsc_1764

Атап айтар болсақ, ауданның жер асты пайда қазбаларын, оның ішінде гипстен жасалған құрылыс материалдарын сапалы өндіруде өз ісін жетік меңгерген тәжірибелі өндіріс қызметкері Владимир Дурманов – «Өнеркәсіп саласын үздігі», дәстүрлі әнші, Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің ұстазы және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншісі Жанаргүл Сәркенова мен аудан намысын халықаралық деңгейде қорғап жүрген дарынды спортшы, аудан мақтанышы Сырбаз Талғат – «Аудан мақтанышы», Ә.Кекілбайұлы атындағы орта мектептің бастауыш сынып, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Гүлсімай Аренова – «Білім саласының үздігі», аудандағы шағын кәсіпкерліктің дамуына өз үлесін қосып, аудан көлемін өткізіліп жүрген қайырымдылық шараларда белсенді атсалысып жүрген жеке кәсіпкер Жаннат Шопанова – «Үздік кәсіпкер», Есбол дәрігерлік амбулаториясының учаскелік ембикесі Динара Ғинаятова – «Медицина саласының үздігі»,

dsc_1825

«ИндерСу» КМК су және кәріз желілерін жөндеу бөлімінің жөндеушісі Темірлан Мендьянов – «Коммуналдық саласының үздігі», «Әсем-әуен» дәстүрлі әншілер ансамблінің жетекшісі Гүлбаршын Сариева – «Мәдениет және өнер саласының үздігі», ерексектер арасындағы жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасының жеңімпазы, спорт шебері Айбек Әбділов – «Үздік спортшы», аудандық электр жүйелері бөлімшесінің аға шебері Ельдар Айтқалиев – «Үздік энергетик», аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Мүнира Сатаева – «Әлеуметтік сала үздігі», аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Жұмағалиев «Үздік полиция», аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің есепшісі Ләззат Көргенова – «Қаржы саласының үздігі», «Владимир» ШҚ басшысы Александр Когай – «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» номинациясымен марапатталды.

dsc_1758

Жыл үздіктері құрметке бөлеген мерекелік кеште Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, талантты әнші Асхат Тарғын мен «Қазақстан Мәдениетінің үздігі» төсбелгісінің иегері, жерлесіміз Жанаргүл Сәркенова көпшіліктің көңілін шаттыққа бөледі.

Диас АҒЫСҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521