Ауданда тірек пункті салынады

Желіде Жарсуат, Есбол және Көктоғай ауылдарына учаскелік тірек пункттерін салу, Индербор кентінің ішінде («Жеңіс» саябағы мен «Меңдіғалиев» көшесінің бойындағы саябақ  және Қонаев көшесінің бойындағы аудан әкімдігінің аумағына) стационарлық бекет орнату жөнінде ұсыныс хат жолданған болатын.

Қазіргі уақытта Есбол, Көктоғай ауылдарында учаскелік тірек пунктін салу өз шешімін тапқан. Әзірге, Есболда ғана құрылыс жұмыстары басталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша учаскелік полиция инспекторларының халықпен байланысы туралы нақты айтқан болатын.

Жалпы қоғаммен ашық тіл табысу, азаматтардың сеніміне ие болу, атқарылған жұмыстарды ашық көрсету, көпшілікпен бірлесе қылмыстың алдын алу жұмыстары учаскелік полиция инспекторларының басты мақсатына айналғанда ғана сала жұмысы нәтижелі болады.

Міне, осы бағыттағы жұмыстар жөнінде аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Ерғанат Темірхановтың айтуынша, әр учаскелік полиция инспекторлары өздерінің әкімшілік аумақтары бойынша халықпен тығыз байланыс жасау мақсатында тұрғындар арасында ватсап желісі арқылы чаттар ашып, аталған чаттарда тұрғындардың полиция бөліміне қатысты сұрақтары мен ұсыныстары қаралады.

Сондай-ақ аудандық полиция бөлімінің «Фейсбук» парақшасында күнделікті іс-шаралар, ал аудандық «Дендер» газетінің ресми сайты арқылы мақалалар үнемі жарияланып отырады. 

Бұл жөнінде полиция капитаны Ерғанат Темірханов:

-Тұрғындардың «полиция» деген оң көзқарасын қалыптастыру мақсатында, аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторларының халық алдында есеп беру кездесулерінің кестесі жасақталып, бекітілді. Учаскелік полиция инспекторларының халық алдында есеп беру кездесулері онлайн форматта ауылдық округтердің әкімдерінің қатысуларымен өткізілді,-деді.

Жолдауда айқындалған Президент тапсырмалары сапалы жүзеге асса, құқық қорғаушыларға деген халықтың сенімі артатыны анық. Қалай дегенмен де күн сайын емес, сағат сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін тәртіп сақшыларының еңбегіне көлеңке түсірмеу – өзімізге байланысты. Себебі, кейінгі кезде отқа да кіретін, суға да түсетін, өз-өзіне қол жұмсайын деп жатқандарды ажалдан арашалап қалатын да тәртіп сақшылары. Дегенмен, олардың қызметіне айтылар сын да жеткілікті. Бірақ, сын орынды болғанда ғана келеңсіздік түзелмек.

А.ДИАС

Индер ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521