Ардагерлер жастармен еңбек тәжірибелерін бөлісті

Индер ауданында көпбалалы және еңбекке етене араласқан отбасылар колледж студенттері мен шаңырақтарын жаңа көтерген жастарға тәжірибелерін бөлісіп, ақыл-кеңестер берген «Отбасы-ұлт рухының айнасы» атты жақсы шара өтті.

Индер көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінде өткен шараға еңбек дағдысымен құрметке лайық боп, ұрпақ өсіріп отырған Елтай ауылынан көпбалалы, «Құрмет белгісі» орденді малшы Қ.Жәлиев, ынтымақтық «Еңбек Даңқы» орденді егіншілер Қ.Жұбантаева мен бөденелік Ж.Бинахметова, республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының бас жүлдегері, ұстаздар әулеті Тілекқабыловтар, индерборлық байланысшы М.Қожахметов, көктоғайлық есепші әрі өнерпаз Қ.Сүлейменов, жарсуаттық жүргізуші Ж.Жаңбырбаев, көмекші шопан болған Ж.Бисенғалиев отбасылары қатысты.

Осындай аға буынның өмір жолы жастарға үлкен тәжірибе болатынын аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов айрықша атап өтті.

Олар жас ұрпақты еңбек етуге шақырып, өмірде кездескен қиындықтарын да айтып берді. Тағылым мен тәжірибе астасқан шара соңында өнерпаздар Еркін Әубекеров, Мұратбек Жұмашев, Айгерім Нысанова ән шырқаса, ұйымдастырушылар атынан қонақтарға аудан әкімінің Алғыс хаттары мен сыйлықтары ұсынылды.

Көптің бұл шарадан басты ұққаны қандайма қоғам мен жаңғыру болмасын абырой мен жетістік тек ерінбес еңбектің арқасында ғана келетіндігі болды. Ал мұның өзі аз шаруа емес.

С.ХАЛЫҚОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521