Индер аудандық мәдениет үйінде қасиетті жұма күні Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, аудандық "Дендер" газетінің бас редакторы, Атырау облыстық Бас редакторлар клубының төрағасы Амантурллин Жанай Ислямғалиұлының "Алагөбең" атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған шараға аудан әкімі, аудандық мәслихат хатшысы, ақпарат саласының ардагерлері, Атырау және Батыс Қазақстан облысының танымал ақын-жазушылары, қаламгерлер қатынасып, автордың еңбегі жайында ой-пікірлерін ортаға салды.
Аудан әкімі С.Өтеғұлов Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жарық көрген қаламгердің алғашқы кітабының тұсаукесерімен құттықтап, шығармашылық шабыт тіледі. Құттықтау сөзінде: – Автордың жан толғанысымен жарық көріп, тұсауы кесілген жаңа еңбектің ойлы оқырманның жүрегіне жол табатынына сенімдімін. Алдағы уақытта да жазарыңыз таусылмасын! Қаламыңыз мұқалмай, тек оқырмандарыңызды сүбелі туындыларыңызбен қуанта беріңіз, - деп ізгі лебізін жеткізді.
Сондай-ақ, "Алагөбең" кітабының шығуына қолдау білдіріп, атсалысқан Мұратай Сатыбалдыұлы мен Асантемір Қаршығаұлына арнайы алғыс хат табыстады. Кітаптың тұсау кесу рәсімі ақпарат саласының ардагері, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, ақын Кеңес Сахи және "Атырау Ақпарат" ЖШС-нің бас директорының орынбасары Исатай Құндызбайұлына жолданды.
Айта кетейік, Орал қаласының "Шұғыла Принт" баспасынан шыққан еңбек екі бөлімнен тұрады. Аталған кітапта автордың бірнеше әңгімелері, очерктері, жолсапар жазбалары, тарихи шежірелер топтастырылған.