Ақ қырау жапқан ақпанда...

 Ауыл шаруашылығында түйткілді мәселелер көп-ақ. Жайық өзенінің тартылуы жағалай қонған елге едәуір қиындық туғызса, қырдағы жұртқа да су тапшылығы қауіп төндіріп отыр. Соның бірі – Өрліктің қырындағы тіршілік көзіне айналған шағын су қоймасы. бүгінде ол шаруагерлерді алаңдатып отыр екен. Осыған орай аудан әкімі Д.Шамұратов мәселені өз көзімен көріп, қыр жұртының тынысымен танысып қайтты.

 

Желтоқсандағы қара суық қара жердің тоңын қалыңдатып, малды біразға дейін қарақатқаққа ұшырата жаздады. Кейбір каналдар тайыздығынан бауырлай қатып қалған. Соның салдарынан суат жасау мүмкін болмаған соң, су шаруашылығы қызметкерлері көмекке келіп, аязға қарамастан каналдарға су айдады. Әрине, қақаған қыста насостарды жібітіп, құбыр бойымен су айдау оңай жұмыс емес. Дегенмен, шөл қысқан малға су жеткізудің амалы осы болды. Кейін қаңтарда жауған қар төрт түлікке талғажау болды. Міне, біз қыр жаққа беттегенде осы қиындықтарды ой елегінен өткізе отырдық. Құдайға шүкір сол кездегі түн мезгілінде 30 градусқа дейін жеткен аяз сынып, жылқы түгілі қой да далада еркін жайылуда. Қаройға қарай бойлаған сайын қырды жаппай ақ қырау басқанын көріп, нағыз қыстың келбетіне көзіміз сүйсініп келеді. Қатқылда жусан, еркеккөктің басы қылтиса, шағылға қарай шағыр мен қүланқұйрық кезігеді. «Шағыр малға ас болмайды, бір мезгіл жеммен демеп отырмаса», - деп отырушы еді бұрынғылар. Иә, тамыры топыраққа байланған дала академиктері – мал жаюдың тәсілін терең меңгергендер. Әлі де олардың ұрпақтары бұл аймақтан ірге ажыратып кете қоймаған шығар. Бұрын жолдан аң, құс кезігетін. Қазір олардың қатары да сиреген сыңайлы. Екіншіден, екіндіден бастап ермек үшін қоян аулауға шығатындар барын білеміз. Тіпті, кейбіреулер даладағы малды атып алып кетіп жатқанын да талай естігенбіз.

Біз мінген көліктің делбешісі Асылбектің аталары осы өңірден екен. Сондықтан өзі өскен түздің ой-шұқырын жатқа соғып, қара жолдың кедір-бұдырына қарамай ойқастайды. Бейне бір бәйгеде қараүзіп келе жатқан тұлпардай оқ бойы озық келеді. Соңымыздан ерген көліктер сонадайдан көрініп, анда-санда жалт береді.               

 

Халыққа қажет су қоймасы

Бір сағатқа жетер жетпесте дау болып отырған су қоймасына да жеттік. Арнасы үлкен сайдан арнайы жасалған екен. «Ауыл» партиясының мүшесі, «Нүрет» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Ілиясовтың айтуынша, кезінде «Передовик» ұжымшарының директоры Райхан Құспанов мал суару үшін жарылғыштар қолдану арқылы арнайы жасатқан екен. Содан, ені 20 метр, ұзындығы 200 метрге жуық үлкен су қоймасы пайда болып, жан-жағынан сарқырап аққан сумен толып отырады. Бұл жерде жерасты су көзі болмағандықтан, бәленбай жылдан бері маңдағы бүкіл малдың суаты осы көрінеді. Көктоғай округі мен көрші Махамбет ауданы шаруа қожалықтарының малы да келгенмен батпақққа батып, өлетіндері де кездеседі. Айналасындағы малдың өлекселері осыған дәлел. Сондықтан көктоғайлықтар «Көму керек» десе, өрліктіктер «Көмбеу керек. Қайта өлі топырақты алып, аршу керек» дегенді айтып, тіресіп келіпті. Міне, көтерілген мәселені сол жерде-ақ шешуді көздеп барған аудан басшысы әңгіменің анығына зейін салып, арнайы техника жіберіп, тіршілік көзін тазарту керек деген тұжырымға келді. Сол жерге барған өзге де қожалық басшылары көмектесуге дайын екендіктерін жеткізді. Ауызбіршіліктерінің бары көрініп тұрды. Бұдан басқа, жайылымның тапшылығы, әрі жүрсе, Жаңақаланың жері екендігі де көтерілді. Жайлау жоқтықтан жер эрозияға ұшырап та жатыр.  

 

Арланмен алысқан азамат

Біз одан әрі шаруа қожалықтарына соға жүру мақсатында қозғалып кеттік. Бұл өңірдің жерінің соры көп болғандықтан жанамалай жүріп, Тереңқұдық қыстауындағы «Мақсат» шаруа қожалығына кідірдік. Үй иесі Нұрым Абдолов қазақы қонақжайлылықпен қарсы алып, құрмет көрсетіп жатыр. Бұрын бұл құдықтан бүкіл мал су ішетін болған.

Әке-шешеміз мал бақты. Сол қара шаңырақта атакәсіпті жалғастырып келеміз. Төрт түлікті төлінен өсіріп, ел қатарлы күн көрістің қамын жасаудамыз. Шөпті сатып аламыз. Қазір малдың іші өсіп келе жатыр. Буаз ғой. Сондықтан бір мезгіл шөп салып тұрмыз,-дейді. Жұбайы Толқын үйдің шаруасын тастай етсе, келін-балалары ауылдағы үйде тұрады. Немерелер оқиды. Ал балалары баяғының салтын ұстап, жүйрік ат баптап, бәйгенің делебесін қоздырады екен.

Ал шом ауланың жанынан біз жеті қазынаның бірі ретінде қазақ қастерлейтін тазы итті көріп, риза болдық. Биыл Президентіміз ұлттық құндылықтарды сақтау, соның ішінде: «Қазақстан республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны белгілі. Ендеше, құмай тазы, жүйрік ат, қыран бүркіт баптап, көне дәстүрімізді қайта жаңғыртатын мезгіл келді. Сондай-ақ жүйрік ат та осы ауылда бар екен. Қазір балалары ауылға алып кетіпті. Сөзге сараң, іске мығым Нұрым ағамыздың келбетіне риза боласың. Қанша аяз, жаз аптаптың астында жүрсе де сыр бермейді.

Айтпақшы, кейін Бертілеу Төленов деген азамат оның қасқырмен айқасқанын айтып берді. Түн ортасында сыртқа шыққан Нұрым сиырдың қасынан бірдеңені көріп: «Мынау не пәле?» деп барады ғой. Сөйтсе, жаманауыз өзіне қарсы шапқанда, тамағынан қысып үлгерген екен. Біраз уақыт алысып, қолы тамағына қарысып қалғаны соншалық, сол көтеруімен үйге келіпті. Жаны қысылған қасқыр қанша тырнаса да фуфайкасы қорған болып қалыпты. Иә, айдалада осындай түз тағысымен айқасып, қанша қайсар жандар тіршілікпен күресіп жатыр.  

 

Мұзмүсінге айналған жылқы

Жұлдыз аймағынан ауқатты шаруашылық иегері құдық қазып алыпты. Бұл маңда  ағайынды Қуанов Жолдасқали мен Мұрат тұрады екен. Бұрыннан ата-бабалары жылқы баққан. Өкінішке орай, қырда отырған олар алған жерлерінің мерзімін ұзарта алмай қалады да жылжымайтын мүлік мемлекетке қайтып кетеді. Осы жерде жер берудегі комиссия әуелден осы жерде мал бағып отырғандықтан, оның мерзімін бірден ұзартып берсе қайтеді деген ой келеді. Ал олар дер кезінде үлгере алмай қалған. Айналып келгенде өмір бойы қырда келе жатқан малшылар жерсіз қалып отыр деген сөз. Осындай олқылықтарды округ әкімі тікелей қадағалап, көмектесіп отырса, артық етпес еді.

Бұл жерде электронды Үкімет, цифрландыру бағдарламасы халыққа қалай қызмет етіп тұр деуге болады? Мысалы, банк сияқты көптеген мекемелерден алдын ала хабарламалар телефон арқылы келіп тұратыны белгілі. Осындай тәсіл шаруа қожалықтарына әлде де жүзеге асырыңқыраса. 

Одан әрі Қызылқабақ маңындағы су қоймасына бардық. Суы ащы екен. Тереңдігі 2 метрдей. Алайда өткендегі қатты аязда жылқы ықтап келіп паналағанда, мұз ойылып кетіпті. Соның салдарынан бір үйір жылқы суда мұз болып қатып, мүсінге айналыпты. Кейін иелері келіп, мұзды ойып шығарып тастапты. Өкінішті, әрине.

 

Сәмеке әулие

whatsapp-image-2023-01-27-at-16_41_42

«Әулие аттаған оңбас» дегендей, біз Тереңқұдықтан көп қашық емес Сәмеке әулиенің басына арнайы барып, тағзым еттік. Осы жердегі тұрғындардың айтуынша, әулие әлі күнге халқына қорған. Адамдар жанына демеу іздеп, арнайы түнесе, сонау жылдары топалаң малды осы әулиенің топырағына иіріпті. Бірінен бірі естіген жұрт, Құлкеш руынан дегенді айтады. Құлпы тасы құлаған. Орнына арнайы жіңішке темір тұрбаның басына атын жазып, белгі орнатыпты. Көптеген көне құлпытастардан қойылған зираттар көп. Көбі ескірген. Кейін әр рудан бірнеше адам жерленіпті. Не болса да бұл даладағы мәнді төбелердің бірі екені анық. Ел ішіндегі әңгімеде бала көтере алмай жүрген жас ана осы әулие басына түнепті. Түсіне әулие бір ұл беретіні жөнінде аян беріпті. Кейін солай болып, одан ұрпақ жалғасыпты.

Әйгілі діни қайраткер Әйіп қажы Бекенұлының зираты да осы жерден қашық емес. Ауыл молдасынан сауат ашып, татар медресесінде оқып, 17 жасында старшина атанған ол  1903 жылы мешіт салдырып, қазақ балаларын оқытқан. Алдымен ата басына зиярат еткен соң сол жердегі Көкмешіттің орнына бардық. Мұны 1913 жылы 4 сыныптық мектепке айналдырады да, жанынан өз қаржысына жатақхана салғызады. Сөйтіп, халыққа сәулесін түсіреді. Өкінішке орай, бұл жерге қойылған белгі тас құлап жатыр. Қоршауы да бүлінген. Сондықтан да аудан басшысы Д.Шамұратов мұны қалыпқа келтіру керек деген  шешімге келді.

 

Ісіне бекем Бертілеу

whatsapp-image-2023-01-27-at-16_41_46

Саздыға қоныстанып, ырыс отын тұтандырған кәсіпкер Бертілеу Төленов – нағыз істің адамы. Төрт түлік малы бар. Биыл 800-дей бума пішен дайындаған. Жаңақала ауданы жағындағы Көгат деген жерде әлі біраз пішен қалыпты. Шаруашылығында Сәмет, Есмұрат, Жандос деген азаматтар жүр. Бағырлай жағасында және жері бар.

«Қолы ашықтың – жолы ашық» дегендей, қонақжай Бертілеу сапарға шыққан жандарды төріне шығарып, құрмет көрсетті. Газы жоқ болса да, қаладағылардан бұрын шайы қайнаулы, тамағы пісулі  тұратын қыр жұртының әуелгі дағдысы. Күні бойы дала кезіп, шаршаңқы болған  сапаршылар да Айнагүл қарындасымыздың буы бұрқырап, сиырдың қою сүтімен демдеген күрең шайын тартсын келіп. Оның үстіне қазы-қарта, жал-жая, тары-талқаны мен қолдың сары майы сынды дастархан мәзірі баяғыны қайтарып алып келгендей. Сәл маңдай жіпсіген соң күні бойы бірге жүрген ағамыз Олжабай Мұқанов әңгімесін айта отырды. Шаруасына бекем ағамыз қыста құмдағы Тайшыққа, жаз болса су тапшылығына байланысты малын Бағырлай каналына түсіреді екен. Ауылдағы белді кәсіпкердің бірі Амантай Батырғалиев та атамекеннің тыныс-тіршілігі жөнінен хабардар етсе, округ әкімі Мұратбек Қаженов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Абай Әбдіров те әңгімеге араласа отырды. Бәрі де аудан басшысы келген соң көкейдегісін айтып, елге қажет ортақ шаруаның игілігін көздейді.

Айтпақшы, Бердібектің жұбайы Алмагүл Сапарғалиқызы – сонау 1978 жылы 4 мамырда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев төрінде төрінде арнайы қонақ болған "Передовик" ұжымшарының атақты шопаны, Ленин орденді Имаш Сүндетовтың туған немересі. Міне, сол бата дарыған ұрпақтың қолынан дәм тату ол да бір ғанибет. Шаңырақтарыңызға қарлығаш ұя салып, абыройларыңыз арта берсін деген тілек білдірдік.     

Сапарымызды одан әрі жалғастырып, Наушадағы Қисметолла Жәрдемовтың              «Талапкер» шаруа қожалығына соққан соң, әрі қарай Шошақбосағаға аялдадық. Мұнда Болат Қамешовтың «Ақ жол» шаруа қожалығы орналасқан. Ағасы Ерболат шығып, шаруа барысымен таныстырды. Биыл пішенге субсидия алыпты. Жалпы, арғы аталарының бәрі осы жерде жылқы бағып, сол істі бүгінде ұрпақтары жалғастыруда. 

Осылайша «Жүргенге жөргем ілінеді» деген бір кездері қоғам қайраткері Сағидолла Құбашевтың ізі, өрнекті ісі қалған Ленин орденді Өрліктің қырына жасаған сапарымызда көңілге түйгеніміз осы болды.

 Иә, заманында ит басына іркіт төгілген берекелі өңір қайта түлеуде. Лайым, солай бола бергей.

 

Ж.АМАНТУРЛИН,

Өрлік ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT