Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қазақстан – академиялық білім аймағы» атты стратегиялық серіктестердің халықаралық форумы өтті.
Мемлекет басшысы форум аясында білім және ғылымды ешқандай шекара талғамайтын, барлық елге ортақ стратегиялық маңызы айрықша сала ретінде атап, бүгінгі форум соның айқын дәлелі екеніне назар аударды.
«Бұл – шын мәнінде өте маңызды жиын, жаһандық білім мен ғылымның дамуы туралы аса құнды ой-пікірлер айтылатын, болжамдар жасалатын бірегей алаң. Осыған орай кешеден бері әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары және өкілдері Астанада бас қосып, пікір алмасып жатыр. Халықаралық деңгейдегі ғалымдар мен сарапшылар елордамызда маңызды мәселелерді талқылауда. Бүгін де академиялық білім әлеміндегі беделді жоғары оқу орындарының жетекшілері терең мағыналы ойларын ортаға салды. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ұлттық және жаһандық білім беру экожүйесін терең түрлендіруге бағытталған бірқатар нақты шаралар туралы баяндады.
«Қазақстанда шетелдік университеттердің 40 филиалынан тұратын желі құрылуда, олардың 85%-ы жоғары технологиялық бағыттарға – жасанды интеллект, компьютерлік инженерия, киберқауіпсіздік, жаратылыстану және техникалық ғылымдар, ядролық физика және басқа да сұранысқа ие салаларға бағытталған. Бұл халықаралық деңгейдегі білімді ел ішінде алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар филиалдар инвестиция тартуға және академиялық туризмді дамытуға септігін тигізеді. Қазіргі уақытта елімізде 31 500 шетелдік студент білім алуда – бұл тарихи рекорд. Алғаш рет Азия елдерінен келген студенттер саны ТМД елдерінен келген студенттерден асып түсті. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр», – деді Саясат Нұрбек.
Форум аясында стратегиялық серіктестер кеңесінің құрылғаны атап өтілді. Кеңес институционалдық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге және негізгі міндеттерді бірлесіп шешуге бағытталған. Бүгінгі таңда Кеңестің үш отырысы өткізілді.
Quacquarelli Symonds (QS) халықаралық рейтинг агенттігінің президенті және негізін қалаушы Нунцио Кваккарелли(Ұлыбритания) еңбек нарығына жасанды интеллекттің әсері туралы айтып, QS рейтингінде қазақстандық жоғары оқу орындарының көбеюін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан интернационалдандыру және ғылыми бәсекеге қабілеттілік бағытында айтарлықтай ілгерілеу көрсетіп отыр. Сондай-ақ еліміздің 5 университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орындарының тізіміне қосылды.
«QS Қазақстанмен болашақ мамандықтарды болжау моделін құру және білім мен инновацияға негізделген экономиканы дамыту бағытында ынтымақтасуға ниетті», –деді ол.
Кардифф университетінің (Ұлыбритания) президенті профессор Венди Ларнер Қазақстанмен білім және жасанды интеллект саласындағы серіктестіктің стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Кардифф – беделді Russell Group құрамындағы және Қазақстанда кампус ашқан алғашқы университет. Cardiff University Kazakhstan жаңа кампусы жасанды интеллект, биотехнология және медицина салаларындағы болашақ мамандарды даярлауға арналған орталыққа айналмақ.
Пекин тіл және мәдениет университетінің (BLCU) президенті профессор Пен Дуаньбілімнің халықтар арасындағы өзара сенімді нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Ол Астана халықаралық университеті базасында Орталық Азиядағы алғашқы қытай тілін оқыту орталығы – BLCU филиалының ашылуының маңызын атап көрсетті.
«Тіл мен мәдениет – елдер арасындағы өзара түсіністік пен сенім дипломатиясының кілті», – деді профессор.
Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) ректоры Анатолий Торкунов Қазақстанның Ресей үшін білім саласындағы сенімді серіктес әрі одақтас екенін айтты. Ол Астанада ММХҚИ филиалының ашылуының стратегиялық маңызын атап өтіп, бұл қадам біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру мен болашақ көшбасшыларды даярлауда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ректоры Ербол Исақаевөңірлік жоғары оқу орнының үлгісінде ауыл шаруашылығы саласындағы бірлескен ғылыми зерттеулер арқылы Аризона университетімен академиялық әріптестікті ғылыми серіктестікке айналдыру жолын және академиялық әрі зерттеу жетістіктері орталығын құру нәтижелерін таныстырды.
Қорытынды сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға мазмұнды баяндамалары мен сындарлы ұсыныстары үшін алғыс білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстан өз университеттерін алдағы уақытта да жан-жақты дамытатынын атап өтті.
«Мықты университеттер – келешектің фабрикасы. Бұл жерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі. Әділ әрі үйлесімді әлемнің алғышарттары қалыптасады. Жоғары оқу орындары халықтар арасындағы сенім мен ынтымақты күшейтіп, дипломатия құндылықтарын дәріптейді. Университет қабырғасында қалыптасатын студенттер бауырластығы, зерттеушілер қоғамдастығы және академиялық серіктестік тек ғылым-білім саласында емес, экономика мен қоғамдық өмірдегі, тіпті саясаттағы өзгерістерге қозғау салады. Ұлтымыздың біртуар перзенті, әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтың «Ғалым барлық өмірін халық үшін, адамзат үшін сарп етеді» деген сөзі бар. Шын мәнінде, ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету. Ғылым әлеміндегі жетістіктер барша елдің әлеуетін арттыра түсуі керек деп санаймын. Себебі ғылым мен білім – бөліскен сайын молая түсетін әрі шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын қуатты құрал. Бұл саладағы ықпалдастық Қазақстандағы білім-ғылым жүйесінің өрісін кеңейтіп, академиялық дипломатияны өркендетуге зор ықпал етеді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Президент елімізде дарынды, қабілетті, ойы ұшқыр азаматтар өте көп екеніне тоқталып, халқымыздың жасампаздық рухына сенетінін жеткізді. Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалардың еліміздің жарқын болашағына апаратын даңғыл жол екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент еліміздің білім мен ғылымға арқа сүйеп, Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақстан құру жолындағы жұмысты жалғастыратынын айтты. Мемлекет басшысы стратегиялық серіктестердің, сондай-ақ білім және ғылым ордаларының елдің басты байлығы – адами капиталдың әлеуетін арттыруға және ғылым көкжиегін кеңейтуге қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ форум аясында Мемлекет басшысы елімізде білім алып жатқан шетелдік студенттермен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқитын француз студенті Адриан Давус Президентке қазақ тілін үйреніп жүргенін айтты. Мемлекет басшысы оның ана тілімізді үйренуге деген ықыласына ризашылығын білдірді.
Форумға шетелдік серіктес оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Сондай-ақ жиында Woosong білім беру қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ким Сонг Кёнг, Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко, Minerva University президенті Бен Нельсон, Баку мемлекеттік университетінің ректоры Эльчин Бабаев сөз сөйледі.

