Биылғы "Жұмысшы мамандықтар жылы" еңбекке құрмет, еңбек адамына құрмет өзіндік бар бояуынан айшықтала түскені қуантады. Еңбектің де қадірі артып, еңбек адамының да бейнесі биіктей түсті. Жалпы, өзі о баста қалап алған кәсібін сүйіп, иығына алған ісіне адалдық таныту еңбек адамының бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі десек болады. Бұл пайымымыздың астарында елжандылық, отаншылдық, еңбек-қорлық сияқты азаматтың азаматына тән болып келетін құндылықтар да анық аңғарылып тұратыны және рас.
Қай салада болмасын осылай бағаланып, еңбегімен еленіп, құрметке кенеліп жатқан жандар жайлы естіп-білгенде немесе көре қалғанда ойымызға орала жүретіні де осы пайымдар. 
Өмірін қос өзен аралығының қара алтынын игеруге арнап келе жатқан мұнайшылар, олардың ортасындағы озаттары хақында сөз қозғағанда да сол ойда қалатынмын. Күні кеше ғана, ұлттық мерекеміз – Республика күніне орай құрмет көріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өз қолынан марапат алған еңбек озаттары арасынан сол мұнайшылардың бір өкілі, «Ембімұнайгаз» АҚ «Жайықмұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасының №2 мұнай және газ өндіру цехының 5 дәрежелі мұнай және газ өндіру жөніндегі операторы Құраш Көпбергенұлы Мақұловты көргенде де ойға оралғаны осы. 
Иә, осыдан 60 жыл бұрын, яғни 1965 жылдың 15 наурызында сол кездегі Новобогат, қазіргі Х.Ерғалиев ауылында өмірге келген ол сол ауылдағы орта мектептің табалдырығын аттап, осы білім ордасынан орта білім алып шығысымен еңбекке араласуды ойлағаған. Сөйтіп, Мартышидағы қызыл кірпіш өндіретін цехқа қызметке тұрып, алғаш еңбектің дәмін татқанында-ақ өндірісті ортада жүрген мұнайшылардың қатарына тұруды ойға тоқи жүрген болса керек.
Сол мектеп бітірген жылы жүргізушілік мамандыққа да оқып, бітіріп алды. Осыдан кейін, яғни 1983 жылдың көктемінде қатарларымен бірге Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанды. Өзін өмірге шыңдаған әскер қатарындағы екі жылғы қызметін абыройлы атқарып оралысымен ат басын тіреген жері «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы болды. Осылайша өзінің өмір бо-йына тер төгер ортасын адас-пай тапқан талапты жас жігіт басқарманың Оңтүстік Батыс Қамысты кен орнына мұнай және газ өндіру жөніндегі оператор болып жұмысқа орналасты. Ол 1985 жылдың 19 шілдесі еді.
Міне, содан бері арада артық-кемі жоқ 40 жыл уақыт өте шығыпты. Бір адамның еңбек өтіліндегі кезеңмен өлшеп қарағанда аз мезгіл деуге келмейтін осынау жылдар белесінде өзі алғаш қадам аттаған сол Қамыстыдан табан аудармады ол. Ешкім іштен біліп тумайды, алғашқы әзірде ненің не екенін біліп жарымайтын жас жігіт алдыңғы буын ағаларынан көп нәрсені қабылдап алды. Әрине, бұның өзі тек айтуға оңай, әйтпесе жаздың аптап ыстығында, қыстың қытымыр суығында, қызыл саз балшықты кештіріп қоятын көктемнің лайсаң жаңбыры мен күздің суық желінде қиындықтың бәріне төзе жүріп, мақсат тұтқан мамандығын меңгеріп кете қою оңай емес-ті. Бұл соның бәріне төзді, білмегенін басқалардан сұрады, білгенімен еңбегін құрады. Қазақ «ерінбеген етікші болады» демеуші ме еді, сол айтқандай, әлгі бір алдыңғы буын аға-апаларынан үйренгеніне өзінің еңбекқорлығы қосылған ауыл баласы бірте-бірте нағыз мұнайшы болып қалыптасты.
Мыңдаған тонна мұнай өндірген жетістіктерімен тасы өрге домалап, аудандағы маңдайалды кәсіпорын аталған «Жайықмұнайгаздың» атағы алысқа кетті. Ол өз алдына ғой, басқарманың жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері бір кездері үлкен-үлкен мінберлерден де мақтанышпен айтылуына, кәсіпорынның аты ауылдас-тар арасында ризашылықпен аталуына өндірістегі өздерінің озық еңбектерімен үлес қосқандардың қатарында Құраш та жүрді.
-Еңбек адамдары дегеніңіз – ел көшін алға сүйрейтін үлкен күш саналады ғой. Біз де жер асты байлығын игеру арқылы Отанымыздың дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан мамандық иелеріміз деп мақтанамыз. «Ердің атын еңбек шығарар» демейді ме, шүкір, ұжымда өзгеге үлгі етер озаттарымыз аз емес. Солардың бірі – осы Құраш. Оның еңбек жолы осыдан 40 жыл бұрын осы біздің №2 мұнай-газ өндіру цехынан басталған. Сол уақыттан бері осында. Қазіргі кезде бесінші дәрежелі мұнай-газ өндіру операторы. Ал, бесінші дәреже дейтін біздегі мұнай және газ өндіру операторларының арасындағы ең жоғары дәреже. Құраш әріптесіміз бұған өз еңбегімен, еңбекқорлығымен жетті деп толық айта аламын. Ол жұмыстастарының алдында беделді, жұмысына тиянақты, өзінің қадағалауына берілген ұңғымалардың кідіріссіз жұмыс жасауын, одан тиісті өнім өндірілуін өте мұқият қадағалайды. Бұған оның жауапкершілігі де, тәжірибесі де толықтай жеткілікті. Он төрт күн ауысыммен жұмыс жасайды. Жұмыс уақытында, яғни сол он төрт күнде жұмыстастары арасында ғой, жұмыстан тыс уақытта осындағы жатақханада демалады. Жалпы, еңбек ортасы ол үшін екінші үйіндей. Ұжымда барлық кезде де үлгі, беделді азамат,-дейді еңбек озаты жайлы біле түскіміз келген бізге цех басшысы Қуанғали Абежанов.
Қуанғали Халидоллаұлы кейіпкерімізді өндірісті ортаға жаңадан қосылып жатқан жас буынның да бір тәрбиешісі, тәлімгері ретінде де жоғары бағалайды екен. 
Облыс, аудан әкімдерінің қолы қойылған награда қағазында Құраш Көпбергенұлының Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі және көп жылғы адал еңбегі үшін 2018 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Құрмет грамотасымен, ал 2022 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-на 100 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталғаны айтылыпты. Бұдан бөлек қырық жылғы еңбегі уақытында иеленген алғыс хаттары мен грамоталары бір бөлек. Оның биылғы қыркүйек айында «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ бойынша «Үздік мұнайшы» төсбелгісін иеленгенін ұжымдастары орынды мақтаныш тұтады.
Енді міне, мақтаулы мұнайшы Мақұлов Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 21 қазандағы Жарлығы бойынша III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен наградталып отыр. Еліміздің ондаған майталман еңбек озаттары қатарында тұрып, Мемлекет басшысының өз қолынан марапатын алған ол үшін тек ұжымдастары ғана емес, барша жерлестері де қуанышты.
Өндірісті ортада өнегесі өріс тапқан еңбек озаты отбасында да үлгілі отағасы. Зайыбы Гүлшара Жолдасқалиқызы екеуі бес ұл тәрбиелеп, адамасыл қылған өнегелі әкенің бүгінде бес ұлы да бір-бір үй болған, әр салада абыройлы еңбек етуде. Ауысымнан оралғанында аталап алдынан шығатын немерелерін сағына жететін мақтаулы мұнайшы Құраш Көпбергенұлы осылай өзі де құрметке бөленді, батыр атындағы ауданның да мерейін үстем етті. Еңбегің жана берсін, марапатың құтты болсын, жерлес! 
Аудан әкімі Нұрым Мусин Құраш Мақұловты арнайы қабылдап, оның табанды еңбегі мен кәсіби жетістіктерін жоғары бағалады. Әкім жылы лебізін білдіріп, адал қызметі мен жауапкершілігі арқылы көпке үлгі болып жүрген азаматқа құрмет көрсетті.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР
 
                                    
             
     
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						 
    							    						    												
    						

