Үкімет Жолдауды жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспарды мақұлдады

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шара жоспарының жобасы қаралды. Сондай-ақ жол қозғалысы мен жаяу жүргінші қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібіне шықты.

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпы­ұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы ен­­­гізіледі. Құжат 8 бағыт пен 87 іс-шара­­дан тұрады. Атап өтсек, инвести­ция­лық саясат және қаржы секторын дамы­ту, өнер­кәсіптік негізді нығайту, ауыл ша­руа­шылығын дамытудың жаңа серпі­ні, кө­лік-логистикалық және турис­тік әлеуетті іске асыру, ТКШ және су инфра­құ­ры­лы­мын жаңғырту, кәсіпкерлік, адами капи­талды дамыту, парламенттік ре­­фор­ма жүр­гізу. Бұл туралы отырыста Үкімет бас­шы­сының орынбасары – Ұлттық эко­но­мика министрі Серік Жұманғарин баяндады.

«Ұсынылған Жалпыұлттық жоспар жобасының шаралары ұлттық эконо­миканың орнықтылығын арттыруға, экономиканың негізгі салаларында цифрлық және мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға әрі азаматтардың жағдайын арттыруға бағытталған», деді ол.

Президент Жолдауда елімізді даму­дың жаңа деңгейіне көтеру үшін жүйелі шаралар кешенін қабылдауды тапсырды. Үкіметтің алдына экономикаға, агросектор мен логистика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті енгізу бойынша нақты міндеттер қойылды.

Президенттің инвестициялық ахуалды жақсарту, негізгі салаларды жаңғыр­ту, мұқ­таж адамдарды әлеуметтік қамсыз­дан­дыруға бағытталған стратегиялық бас­тамаларын іске асыру үшін нәтижелі шаралар қабылдау керек. Жаппай цифрлық транс­формация, экономиканы жаңғырту мен адам капиталын нығайту арқылы елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету қажет.

«Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған барлық міндетке сай келеді. Мемлекеттік орган­дардың бірінші басшылары жоспар­дағы іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Барлық қаржыландыру мәселелерін шұғыл шешу қажет», деген Премьер-министр, жос­пардың іске асырылуын бақылау мен үйлестіруді орынбасарларына тапсырды.

Сөйтіп, Жалпыұлттық жоспар жобасын мақұлдауды әрі тиісті қаулы жо­ба­ға дауыс беруді ұсынды. Жоба бірауыз­дан мақұлданды. «Ұлттық экономика министрлігі Үкімет аппаратымен бірге, Мемлекет басшысының тиісті Жар­лы­ғы­ның жобасын Президент әкімшілігіне енгізсін», деді О.Бектенов.

Елде жыл сайын жол-көлік оқиға­лары­нан 2 мыңнан астам адам қаза тауып, 20 мың­нан астамы жарақат алады екен. Бұл жағ­дай Қауіпсіздік мәселелері алдын алу жөнін­дегі ведомствоаралық комиссия оты­ры­сында талқыланған. Нәтижесінде, бір­қатар облыс әкімдері мен орынбасарлары, сондай-ақ жол полиция басшылары тәртіп­тік жауапкершілікке тартылды. Ол жөнінде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Үкімет отырысында хабарлады.

Оның айтуынша, оқиғалардың 90%-ы жүргізушілер кінәсінен болады. Жыл са­йын полицейлер 13 млн жол ережесін бұзуды тоқтатады екен.

Жолдауда жол қауіпсіздігі халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды мәселе ретінде атап көрсетілді. Қабыл­данып жатқан шараларға қарамас­тан, жол-көлік оқиғалары мен адам өлімі азай­май отыр. Көп нәрсе жол ережесін жиі бұ­затын көлік жүргізушілері мен жаяу жүр­гіншілерге, сондай-ақ жол инфра­­құ­ры­лымының жағдайына байланысты.

«Айта кететін жайт, жазатайым жағ­дайлардың басым бөлігінің алдын алуға болатын еді. Мысалы, адамдар негізінен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының, жарық пен тротуарлардың жоқтығы­нан ажал құшады. Алматы қаласындағы Жетісу ауданының тұрғындары жаза­тайым жағдайлардың жиі болатыны сонша­лық, Жансүгіров пен Бұрындай көше­лерінің қиылысын «қауіпті өткел» деп атап кеткен. Астанадағы Үркер тұрғын ала­бын­да ар­найы жаяу жүргіншілер өтетін жолдар мен бағ­даршамдар атымен жоқ. Ата-аналар балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқады. Осын­дай қауіп­ті учаскелерге қатысты халық­тың арыз-шағымы ескерусіз қалмауға тиіс», деген Үкімет басшысы, әкімдіктерге орын алған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.

Жыл басынан бері азаматтардан жол қозғалысына қатысты ресми түрде 30 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Қатаң заңнамалық шаралардың қабыл­данғанына қарамастан, жыл өткен са­йын көлік жүргізу мен жолды кесіп өту мәдениеті төмен күйінде қалып отыр. Жауапқа тартылған жүргізушілердің саны артуда, алайда жағдайдың түзелгені байқалмайды. Жолаушылар тасымалын бақылау бойынша да тиімді тетік жоқ. Бұл қала ішіндегі және қалааралық бағыттардың бәріне қатысты.

«Өңірлерде жолға шыққан балаларды арнайы көлікпен алып жүру ережесі сақталмайды. Өткен аптада ғана Алматы облысында оқушылар мінген автобус апатқа ұшырады. Жексенбіге қараған түннің өзінде жол апаттарының салдарынан Қарағанды облысында 5 адам, Жетісу өңірінде 10 адам қаза тапты. Соңғы жағдайда апатқа кінәлі адам әлі жүргізуші куәлігін де алмаған болып шықты. Президент заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік пен жазаның бұлтартпас қағидатын сақтау міндетін қойды», деді О.Бектенов.

Осы бағытта, әсіресе, жол апаттарының деңгейін төмендету бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Ішкі істер министр­лігі тарапынан айтылған ұсыныстарды қол­­дау керек. Оларды іске асыруға бар­лық мем­лекеттік органдар мен жалпы жұрт­шылық өкілдері тартылуға тиіс. Осы ма­ңыз­ды шараларға тоқталған Премьер-министр бірқатар мәселеге жіті назар аударды.

Бірінші – жол инфрақұрылымы. Кейбір жолдардың, әсіресе жергілікті маңызы бар жол­дардың құрылысы мен жөндеу жұмыс­тары созылып кетті. Бұл ретте құрылы­сы аяқтал­маған учаскелерде тиісті жол белгі­лері мен ақпараттық тақталар, уақытша жол таң­ба­лары жоқ. Кейде ескерту белгілері талапқа сай болмағандықтан, жүргізушіге көріне бермейді.

Мұндай жағдай жол апатына алып келеді. Мысалы, 2022 жылы Павлодар облы­сындағы «Сұлужон-Екібастұз» авто­жолының бір бөлігін су шайып кеткен. Алайда ол жерде жуырда екі адамның қаза­­сынан кейін ғана жол қозғалысына ты­йым салынды. Сондықтан Көлік министр­лі­гі­не әкімдіктермен бірге, автомобиль жол­­­дарын салу, күрделі жөндеу мен кү­тіп-ұстау кезінде жол қауіпсіздігін қам­та­­ма­­сыз ету жұмыстарын күшейту тапсырылды.

«Бұл жерде Ішкі істер министрлігімен бірге, құрылыс пен жөндеу жұмыстары барысында стандарттардың қатаң сақталуына бақылауды қамтамасыз ету қажет. Барлық қауіпті жол учаскелеріне тексеру жүргізіп, шаралар қолдану керек. Өңір әкімдіктері күре жолдардың маңында мал жаю мәселесі бойынша төрт түлік иелерімен түсіндіру жұмыстарын қамтамасыз етсін», деді Үкімет басшысы.

Тағы бір мәселе – қала сыртындағы жолдарда мобильді байланыстың нашар болуы. Бұл туралы көптен бері айтылып келеді, бірақ еш нәтиже жоқ. Мәселен, «Алматы – Бішкек», «Алматы – Талдықорған» жолдарының интернетпен қамтылғанына қарамастан, көлік жүргізушілері ұялы байланыс пен интернет ұстамайтын аймақтардың бар екенін айтып, жиі шағымданады. Жол апаттары кезінде зардап шеккендер көмек қызметтерін шақырта алмайды. «Цифр­ландыру министрлігі жолдарды мобильді байланыспен қамту қарқынын жеделдетуі қажет», деді О.Бектенов.

Үшінші – бейнекамера мен басқа да техни­калық құрал аз. Жол бойында қауіп­сіз­дікті бақылайтын бейнекамералар мен басқа да техникалық құралдар жет­кілік­сіз. Кейбір жерде олар мүлдем жұмыс істемейді. Өңір әкімдіктері Ішкі істер министр­лігімен бірге, елді мекендерде жол ере­жесін бұзу фактілерін тіркейтін камера­лар санын арттыруы қажет. Респуб­ли­калық маңызы бар жолдарда аппарат­тық-бағ­дарламалық кешендерді, пилотсыз ұшу ап­параттарын белсенді пайдаланған жөн.

«Сондай-ақ жаяу жүргіншімен профи­лак­тикалық жұмысты күшейтіңіздер. Биылдың өзінде олар 500-ден аса жол-көлік оқиғасына себепші болды. Сон­дықтан қатаң шара қолданылуы керек. Оқу-ағарту және Ішкі істер министрлігі мек­тептерде міндетті түрде жол ережесі бойын­ша сабақ өткізу қажеттігін тағы да ес­тері­ңізге саламын», деді Премьер-министр.

Төртінші – мопед пен самокатты бақылауды күшейткен жөн. Электр мопед­тері мен самокаттарды пайдалану барысына бақылауды күшейту қажет. Ол қоғамдық көліктерге түсетін жүктемені бір­шама азайтады. Оны мойын­дау керек. Сонымен қатар тұрғындарға да қо­лай­сыздық келтіріп, жол қозғалысына қауіп төндіруде. Жыл басынан бері электр­самокаттардың қатысуымен 360-тан аса оқыс оқиға тіркелді.

«Жолдауда Мемлекет басшысының осы өзекті мәселеге назар аударуы кездейсоқ емес. Әлемдік тәжірибе бірқатар елдерде мұндай көлік құралдарынан толық бас тарту немесе шектеу қою шарасы қолданылғанын көрсетіп отыр. Мәселен, Парижде 2023 жыл­ғы қыркүйектен бастап самокаттарды жалға алуға тыйым салынды. Тек өз құралыңды пайдалануға рұқсат», деп сөзін жалғаған О.Бектенов осы шараны берік ұстанған бірқатар елдің астанасынан мысал келтірді.

«Ішкі істер министрлігіне заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді жылдамдатуды тапсырамын. Бүгін осы мәселе бойынша Үкімет қорытындысын қабылдаймыз. Жалпы күре жолда адам өмірі мен денсаулығын сақтау әрбір мемлекеттік орган мен әкімдіктің жұмысындағы басым бағыт болып қала береді», деген Үкімет басшысы Ақмола, Батыс Қазақстан, Абай, Ұлытау облысы әкімдеріне жөн­деу жұмыстарының аяқталуын қатаң бақылауға алуды жүктеді.

Оны келесі отырысқа дейін аяқтауды тапсырып, жұмыс сапасы басты назарда болуға тиіс екенін ескертті. «Тапсырма орын­далмаса, тиісті шешімдер қабыл­данады. Бұл – барлық өңірлерге қатысты мәселе. Жылу беру маусымын уақтылы бастау қажет. Ағымдағы ахуалды келесі Үкімет отырысында қараймыз», деді Премьер-министр.  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT