Облыс әкімінің төрағалығымен өткен ақпараттық жұмыстарды жетілдіру, цифрландыруға байланысты селекторлық кеңесте өткір сөз болған Атырау облысында отандық («Отау ТВ») және шетелдік спутниктік операторлардың жайы болды.
Жүргізілген жұмыстар бұл бағыттағы көптеген кемшіліктердің бетін ашып берді.
Бұл ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тікелей қатысты. Цифрлық теледидарға қосылғанда ең төмеңгі 50 пайыз көрсеткіш Атырау мен Индер ауданына тән екен.
Шынтуайтында, бұл бүгінде атақты Наполеон айтқандай, «4 дивизия қолың болғанша, төрт газетің болсын» деген ойдың астарындағы әр ел үшін ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің маңызын, оның біздің өңірдегі жағдайын айқындай түседі.
– "Негізінен бұл жерсеріктік теледидарлар Ресей операторларының қызметі. Олардың көпшілігінің Қазақстанда бірде-бір өкілдігі жоқ. Бұл ҚР қолданыстағы нормативтік-құқықтық базасының сақталмай отырғандығын көрсетеді",-деді Н.А.Ноғаев.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің жеке секторларда, көпқабатты үйлер мен пәтерлер тұрғындарының 3 мыңнан астамы «Отау ТВ» және шетелдік спутниктік операторларға қосылу жайын анықтағанда, Индерборда-525, Бөдене-6, Есболда-72, Көктоғайда-32 абонент шетелдік спутниктермен, яғни сұр тарелкелерден таралатын жарияланымдарға көз тігетіні белгілі болды.
Ал сол әр үйдің қабырғасында бейкүнә қалқиып тұрған сұр тәрелкелер арқылы өзге ел мен өмір жайы, саясат, мәдениеті, тіпті тәрбиемен еш үйлеспейтін, біздің қазақи ортаға бейәдеп материалдарын бірнеше каналдар арқылы таратып, күндіз-түні санамызға құюда.
Сол шетелдік каналдарды көріп алғандар, «Асанның иті Үсеннің тамағын ішіп, Хасанның үйін қориды» дегендей, жастарды айтпағанда, көпті көрген ағаларымыздың өзі көлеңкеде отырып алып, өзгенің қаңсығын тамсана әңгімелегенде тыңдауға тіпті құлағың ұялады...
Дегенмен оның бір кілтипаны арзандығында екен. Біз сөйлескен (атын атамауды өтінді) тұрғын:-Отандық «Отау ТВ» өз еліміздің хабарын таратқанымен, қондырғыны сатып алуға қыруар қаржы кетеді.
Ал басқаларына жылына бір рет 7 мың теңгені төлеп қоямын да қалаған каналымды көре беремін. Меніңше, осы тиімді,-деп, мәселені әкеліп қаржыға тіреді.
Әрине, түсінікті. Сұраныс бар жерде, ұсыныстың табыла кететін бұл базарлы экономикаға тән құбылыс.
Сатыбалды деген тұрғын: -Балаларым сыйлыққа тартқан еді, бірақ соңғы кезде каналдарының саны азайып, бірқатары жоқ болып кетті. Сонысын түсінбей жүрмін, көріп те жарымаймын,-деп ағынан жарылды.
Негізі қазақ каналдарының тартымды бағдарламалары аз және арасында жарнама өте көп беріледі. Кейде көріп отырған бағдарламаңды ұмытып қаласың. Бір танысым ренжігенде Түркіменстанның хабарларын тыңдайтынын айтып күлдіргені бар. Қайткенде де бұл айтылғандардың астарында шындық жатқаны анық.
Әрине, таным мен білімді, көзқарасты кеңейтетін, ізденімпаз жанға пайдалы жақтары көп каналдар мен хабарларға сөзіміз жоқ. Бірақ алтын мен ақша жүрген жерде де басқасы да кездесері хақ. Десек те, «Суықтан қатып қалған жыланды қойнына тығып жылытамын деп мысық байғұс ажал құшыпты» дегендей, өкінішке ұрындыратын каналдардан сақтану керек-ақ.
Өйткені, әр үйдің төріндегі көк жәшікті саналы ересектермен бірге, әлі ақыл тоқтатпаған, жасы кәмелетке жетпеген ұл-қыздарымыз көріп, көргендерін қайталап жатқандары да жоқ еместігін қайда қоямыз.
Біз бұл тәрелкелерге байланысты сұрақты «Қазақтелеком» АҚ Индер техникалық учаскесінің басшысы Ұлдай Меңдігерееваға қойғанымызда, ол мәселемен жақсы таныс болғанымен де өздеріне түк қатысы жоқтығын ашып айтты.
– Біздер тек кабель, телефон желілері арқылы қосылған интернеттік ІТ каналдармен жұмыс істейміз. Сондықтан да бұл мәселемен жіті айналыспаймыз. Біздегі жаңалық енді қазіргі жұмыс істеп тұрған мыс талшықты желілерді, арзан әрі қуатты, сондықтан да өте тиімді саналатын, қалыңдығы шаштан да жіңішке әйнек желілермен ауыстырамыз.
Бірінші кезекте барлық мемлекеттік органдар, мекемелер осы тиімді әрі жылдамдығы жоғары желілерге екі жыл ішінде көшіріледі,-деді учаске басшысы.
«Қай портқа бет алғанын білмейтін кеменің желі де оңынан тұрмайды» деген екен Сенека деген данышпан. Сол секілді біздің айтарымыз ұрпағыңыз бақытты да саналы болсын десеңіз оны телеарнаға емес, ілім-білімге құштарлыққа тәрбиелеңіз. Сонда ол да, сіз де өкінбейсіз.
С.ХАЛЫҚОВ.