Халқымыз қашанда үлкенге құрмет көрсетуді тәрбиенің темірқазығы санаған. Олар өмірдің талай белесін артқа тастап, ұрпақ тәрбиелеп, елге еңбек сіңірген жандар. Сондықтан оларға көрсетілер құрмет те ерекше.
Осыған орай Республика күніне орай аудандық «Дендер» газеті мен баспахананың ардагерлері редакцияда бас қосты.
Жастық шағында қорғасын балқытып, әріп терген, газет шығару ісінде аянбай тер төккен баспахана мен үнқағаздың қызметкерлері бүгінде самайларын қырау шалып, жүздерін әжім басқан қария мен ақ жаулықты әжелер. Олар салған дара жол арқылы ұрпақтар сабақтастығы қалыптасып келе жатыр. Басқосуға қатысқан сала ардагерлері өткен күннен естеліктерін айтып, шер тарқасты.
Мерекелік шараны ұйымдастырған бас редактор Жанай Амантурлин ардагерлерді ұжым атынан Республика күнімен құттықтап, ықыласын білдірді. Ардагерлер мереке қарсаңында көңіл-күй сыйлап, құрмет көрсеткен редакция ұжымына ризашылықтарын айтып тарқасты.
Ж.НАРИМАНОВА


