Пішеншілер Жорықта жүр

Жылдағы дәстүрмен алыстағы шабындыққа ертелете шалғы төсеген  «Жарсуат» өндірістік кооперативі (басшысы Дауылғали Тәженов) пішеншілерінің әр таңы қызу еңбекпен атады.

Өйткені, пішенші қауымының күн көтеріліп, айнала-аймақ қызбай тұрып жұмысты өндіріп алатын қашаманғы әдеті. Сондықтан да тәжірибелі шалғышылар Оразбай Қазиев пен Ғилым Қуанышов жандарына ерген жас механизатор Хасан Жансалиевпен бірге өздеріне бекітілген "МТЗ" тракторларын таңмен таласа от алдырып, шабындықтың біраз жерінің шөбін орып алуға асығады.

Жазғы жайлаудың тыныш таңы осылай трактор үнімен бірге атады десе де болады. Ал шалғышылар ерте тұрған соң басқалары да қарап қалмай өздеріне тиесілі жұмыстарына кіріседі. Бұрынғыдай жері құнарлы, шөбі белуардан келетін шүйгінді шабындықтың аты өшкелі қашан?!

Сондықтан да механизаторлардан құралған Саламат Қабдолхалиқов басқаратын көшпелі пішен бригадасының ораққа ілінер шабындық іздеп, үнемі дөңгелек үстінде жүруге әбден үйреніп қалды десе де болады. Бүгінде олар Жаруат округіне қарасты «Жорық» жайлауындағы құмдауыт-шағылды аймақтағы ойдым-ойдым өскен жерлерден  пішен дайындап жүр.

Бірі-жатын, екіншісі-асхана, үшіншісі-жуынып-шайынуға арналған вагондар  пішеншілердің күнделікті жұмысты қорытындылап, алдағы жұмыстарды пысықтайтын штабы да десе  болады. 

Қосындағылар да осынау апшыны қуырған аптапта шүйгінді аймақты қуалай алыстап кеткен тракторшылардың жанынан табылып қоймай, оларға уақтылы ішетін тәтті сусын, денсаулыққа пайдалы қоңыр шайды уақтылы дайындап беруге ұмтылады екен.

Өйтпесе, бүгінгі аптап пен трактордың өз қызуы қосылып, ішкі мен сыртқы ыстық өлшегіш құралыңның өзінде жоқ шкаланы көрсетіп тұрғанын қайтерсің. Негізі бүгінгі таңда жазық даладағы пішеншілер еңбегі ерлікке тең.

-Біздің пішен бригадасында жұмыс істейтіндердің көпшілігі осы жұмысқа әбден төселген, шынайы кәсіп иелері десе де болады. Бригададағы 7 тракторда, яғни жинауда Сәлім Өтеғалиев, тайлауда Құттыбай Молдағалиев, тиеу мен тасуда Мақсым Өтенов пен Жасұлан Длимов, аспаз Аманғали Кемалиев барлық жұмысты атқара беретін бесаспаптар,-дейді жақында пішен бригадасында болып оралған кооператив басшысының орынбасары Аманжол Қажымұрат.

Кооперативте осы пішен дайындау негізгі жұмыс буындарының бірі саналады екен. Өйткені, пішен дайындау науқаны мамырда басталып, қыс түскенше жалғаса отырып, шағын ұжымның табыс көзін молайта түседі.

Бүкіл босалқы бөлшек, жалақы, жанармай да сол дайындалған пішеннің арқасында қолға тиеді. Әр ауыл адамдарына жұмыс орны да болып табылады. Сонымен бірге жарсуаттықтар мен құрылыстық тұрғындар кооперативке сұраныс беру арқылы қолдағы малдарына уақтылы пішен дайындап алып отырған жайлары бар.

Күнара Жайық бойындағы ауылдарға бірі-28, екіншісі-23 бума шөпті сықита тиеп, сатылымға шығаруда.

-Жусан мен ақтық аралас шөптің әр бумасының тығыздығы 300 кг-нан болып, әрқайсысы 5 мың теңгеден сатылымға шығарылып келеді. Негізі біздің комбаиндар қазіргі жаңадайы емес, шөптің тығыздығы жоғары болады. Сондықтан да әр бума шөптің сапасы да өзге жақтан тасымалданатыннан артық болмаса, кем емес,-дейді басшы бүгінгі халыққа ұсынып отырған пішен сапасы жайын сөз еткенде.

Қайткенде де аптап ыстық астында, айлап үй көрмей жұмыс істеп жүрген пішеншілер еңбегі мақтауға, мадақтауға тұражақ. Ал олардың шалғыларының үні қоңыр күзге дейін басылмайтыны сұранысты да танытады.

 

С.ХАЛЫҚОВ.

Жарсуат округі.

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика