Каналдар арқылы су Қаройға дейін жетіп жатыр

Көптеген шаруашылықтардың тамыр соғысы каналдар арқылы жететін суға тікелей тәуелді.

Осыған орай «Қазсушар» РМК Атырау филиалының Индер өндірістік учаскесі қызметкерлерінің де қауырт жұмыстары басталып, аудандағы 4 суару-суландыру жүйесіне су айдайды. Осылайша егіншілермен алыс аймақтардағы мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарын, жеке тұрғындарды уақытында сумен қамтиды. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүруде.

Су барша тіршіліктің көзі болғандықтан каналдар арқылы ауданда жан-жануарлар әлемін сақтап, олардың өсуіне қолайлы жағдай жасауға, құм көшкінін тоқтатуға, жалпы табиғат тепе-теңдігін сақтауда септігі көп. 

Аталған өндірістік учаске басшысы Сайлау Байбосынов: –  Атырау облысының әкімі Н.Ноғаевтың жылма-жыл су шаруашылығына, суға қатысты мәселелерге жете көңіл бөлуі арқасында 2014-2016 жылдары 5 жүзбелі насос станциясы жергілікті бюджет қаржысына сатып алынса, былтыр каналдарды жөндеу жұмыстарын атқаратын 4 дана, жалпы құны 110 272,0 мың теңгеге арнайы ауыр техникалар сатып алынды. Биыл жергілікті бюджет есебінен 4 дана арнайы ауыр техника сатып алуға ұсыныс берілді.  Бұдан басқа өткен жылы республикалық меншіктегі «Алғабас-Жорық» суару-суландыру жүйесі күрделі жөндеу мақсатында коммуналдық меншікке алынып, қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда, – деп бастады кезекті науқанға кіріспесін. Яғни осы жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделуде. Әзірлік ерте басталғанымен биылғы көктемнің кеш келуінен каналдарға су беру 5-ші сәуірден қолға алыныпты. Күні бүгінге «Алғабас-Жорық», «Ақсай», «Бағырлай» каналдарына су шығып, насостар тәулігіне 24 сағаттан жұмыс жасауда. Ал өзен суының деңгейі көтерілмеуіне байланысты «Қурайлы сай» насос станциясының  су сору мүмкіндігі болмай тұрған жайы бар. Дегенмен сала басшысы алдағы күндері станцияны жаңа орынға көшіру үшін қосымша канал салатын жердің мәселесін шешу қарастырылып жатқанын айтады.

Жалпы каналдарды қалпына келтіру, суды діттеген жерге дейін жеткізуде біраз жұмыстар қолға алынған. Айталық, өткен жылы алынған эксковатормен «Алғабас-Жорық» каналының бойын тереңдетіп қазу, тазалау жұмыстарын жүргізсе, алда «Бағырлай», «Құрайлы сай» каналдарын жөндеу қолға алынбақ.

Сондай-ақ жылма-жыл «Бағырлай», «Ақсай» каналдарының су сору орындары қайраңдап, қиындық туғызатын жайы да жоқ емес. Ол қосымша шығынды талап ететіні де сөзсіз. Онсыз да 5 жүзбелі насос станциялары арқылы жылына 23-24 млн. текше метр су шығарудың өзі аз күш емес. Өткен жылы 16 шаруашылықпен егістікке су беруге келісімшартқа отыру арқылы 192 гектар егістік сумен қамтылса, 302 шақырым каналға су толық жеткізіліп, 232 мың гектар жайылымдықтағы малдың өсіп- өнуіне толық жағдай жасалған.                                                                 

–Егіншілердің субсидия көлемінің 80 пайыз болуын күтумен келісімшартқа отыру 20 сәуірден басталып, 10 шаруашылықпен келісім жасалды. Қалғандары айдың аяғына дейін отыруы тиіс, – дейді С.Байбосынов.

Сонымен ебін тауып егін егіп, нәпақамды жерден айырам деген еңбекқор жандарға су шаруашылығы тарапынан кедергі болмасы анық. Оның үстіне мемлекет тарапынан да кәсіптің түріне қарай әртүрлі жеңілдіктер бар. Тек қарекет қылу ғана қажет.

Ж.ИСЛАМҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT