Атырау облысында 300 әйел STEM бағыты бойынша сертификатталған жаттықтырушы атанды

300 әйел халықаралық FIRST LEGO League бағдарламасы бойынша сертификатталған жаттықтырушы атанды. Енді олар балаларды инженерия және робототехника негіздеріне үйрете алады әрі халықаралық гранттық байқауларға қатысу мүмкіндігіне ие болады. 

«STEM Hanym» жобасы «Самұрық-Қазына» АҚ тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен ExxonMobil Kazakhstan компаниясының қолдауымен қаржыланып, «USTEM» қоры арқылы жүзеге асырылды.

Жобаға жалпы 1000-нан астам әйел – педагогтер, тәрбиешілер, 3-4 курс студенттері, ерекше қажеттілігі бар әйелдер мен ерекше баланы тәрбиелеп отырған аналар қатысып, онлайн оқудан өтті. Лекцияларды табысты ІТ-стартаптардың негізін қалаушылар мен халықаралық STEM байқауларының жүлдегерлері жүргізді. 

Тестілеуден сәтті өткен 300 қатысушы үшін Мақат, Махамбет, Құрманғазы аудандарында және Құлсары мен Атырау қалаларында хакатондар ұйымдастырылды. Практикалық хакатондар барысында әйелдер LEGO Education жиынтықтарымен жұмыс істеуді, роботтарды бағдарламалау негіздерін, командалық жұмысты және нақты мәселелерді шешу тәсілдерін меңгерді.

Атырауда өткен «STEM Hanym» қорытынды форумында STEM тренерлерінің сертификаттары, хакатон жеңімпаздарына дипломдар және әлеуметтік желілерде белсенділік танытқан қатысушыларға алғыс хаттар табысталды. Форум аясында пилоттық жоба нәтижелері таныстырылды.

«STEM Hanym» жобасы биыл жүзеге асырылған басты білім беру бастамаларының біріне айналдыБіз жүздеген әйелдің білім алуына жағдай жасап, Атырау облысындағы мыңдаған баланың болашағына үлес қосып отырмыз.Жоба жас мамандармен қатар, үлкен тәжірибесі бар педагогтер тарапынан да үлкен қызығушылық тудырғанына қуаныштымыз. Мұғалімдер алған білімдерін тек жаңа ақпаратты жеткізуге емес, сонымен қатар озық әдістерді тәжірибеде қолдану арқылы оқыту тәсілін түбегейлі өзгертеді деп сенемін.», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

«Мен 15 жылдан астам еңбек өтілі бар мұғаліммін. Алғашында бұл бағдарлама тек жас мамандарға арналған деп ойлап, қатысуға күмәндандым. Алайда алғашқы дәрістен-ақ оқу мені шынымен қызықтырды. Біздің командамыз құрам жағынан өте әртүрлі болды: құрамында тәжірибелі педагогтер, студенттер, шалғай ауыл мұғалімдері мен облыс орталығынан келген әріптестер болды. Біз сұранысқа ие мүлде жаңа бағытта өз құзыреттерімізді арттырдық, енді бұл білімімізді балалармен жұмыста тиімді пайдалана аламыз», – деп бөлісті жобаға қатысушы Анаргүл Дүйсенбаева.

Жалпы, 2020 жылдан бері «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры Атырау облысында жалпы құны 10,8 миллиард теңгені құрайтын 27 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT