Театр - өнер құрметіне арнап салынған салтанатты сарай. Киелі сахнадан көрерменге рухани нұр, рухани сахна, рухани қуат сыйлайтын қоғамдық өміріміздің мәдени орталығы.
Әлемге белгілі дәуір данышпандары театр өнері жөнінде көптеген қанатты сөздер қалдырған. Соның ішінде Робер Лепаженің «Адам бүгін театрға ертең адам болып қалу үшін барады» деген сөзі көп нәрсені ұғындырғандай. Мәдениетті әділетті қоғам құру адамзаттың асыл армандарының бірі десек ежелгі Грекиядан бастау алатын театр өнері халықтың мәдениетті қоғам құруына ықпал ете отырып, Афина демократиясының орталығына айналғанын білеміз. Афиналық әрбір азамат мәдениетті болуы керек деп есептеген үкімет қазынадан қаражат бөліп, жарлы-жақыбайлардың театрға баруына көмектесіп отырған.
Сонымен антика, эллиндік мәдениеттің абыздары Аристофан, Сократ, Платон дәуірлерінен бүгінгі күнге дейін тарихи кезеңдерді өткеріп, кино, теледидар, интернет заманына жетсе де өзіндік мәдениетін аласартпай адамзаттың ой-санасының тәрбиеленуіне, қалыптасуына бір сәт те қызметін тоқтатпаған бекзаттық өнерді аудандық "Ақжайық" халықтық театрының сахнасынан көруіміз біздің рухани байлығымыз десек, артық айтпағанымыз. Өткен ғасырдың 60-жылдары облысымызда халық театрлары мәдениетіне үлкен көңіл бөлініп, аймаққа, республикаға шеберлігімен танылған ұжымдар болған. Солардың бірі – Ибрашев Алпан ағамыз негізін қалаған Өрлік театры. Режиссерлары С.Қостанов, Б.Қабышевтың еңбегінің нәтижесінде 1966 жылы халықтық атағын алса, 1983 жылы Аққала театры да халықтық атаққа қол жеткізген. Кейін бұл үрдіс бірнеше ондаған жылдардан бері желкенсіз қайықтың күйін кешкен жайы бар.
Осы киелі өнерді 2006 жылы үйірме түрінде қолға алып, 2011 жылы халықтық атақ алуға жеткізген, репертуарында 30 тарта драмалық туындыларды сахналап көрерменін қалыптастырған режиссер Шайда Кәрімқызының ұжымы аудан мәдениетіне «Ақжайық» халық театры деген атаумен енді. 2006 жылы үйірме құрамында Қаламқас Тауманова, Абзал Ғабсаматов, Нұржан Исмағұлов т.б. талантты жастардың алғашқы қойылымына жеті-ақ көрермен келсе, бүгінде театрдың кезекті қойылымынан рухани ләззат іздеуші жастардың көбейгенін көреміз. Жылдар жетегінде ізденістер мен тәжірибесі толыққан шақта Садықбек Адамбековтің «Арысын күткен арулар» драмасын сахналаған ұжымның шеберлігін жоғары бағалаған қазылар алқасы халықтық атаққа ұсынды. Арадағы жылдарда К.Жұмабековтің «Адасқандар» трагедиясын, А.Ноғаевтың «Тәубеге келу» діни драмасын, Е.Домбаевтың «Келін» комедиясы, К.Кеменгерұлының «Алтын сақина» 4 перделі, т.б. туындыларды сахналап, шығармашылық іздену жолында кәсіби академиялық театрларға тән қалыптасқан (стереотип) оқиға желісін әсерлеу барысында дауыс қоюдың (декция) жасанды интонациясына (кинофильмдерімізде де аңғарылады) еліктемей драматургияның трагедия, комедия, трагикомедия жанрларын сахналауда көрерменнің көзіне жас үйіріп, жандүниесін тебірентетін шынайылықтың шешімін тапқан режиссер мен актерлардың шеберлігі көркемдіктің өзіндік жаңа бағытын қалыптастырып келеді.
Ашып айтсақ, өнер сахнасында кейіпкерлерді сомдаушы актерларды емес, шынайы, табиғаты ерекше кәдімгі өмір сахнасында жүрген адамдарды көреміз. С ө з і м і з д і ң а й ғ а ғ ы б о л с ы н , ж у ы қ а р а д а сахналанған «Балгер» спектаклінің даму динамикасы, кульминациялық сәттері көрерменнің езуін жиғызбай күлкіге батырып, дуылдатқан қол соғумен басталып, аяқталғаны бар. Әрбір үш жыл сайын халықтық атағын қорғап, шеберлігін шыңдап жүрген ұжым 2021 жылы облыстық «Шынайы шымылдық» байқауында Гранпри жүлдесін жеңіп алды.
Ендігі кезекте өнерлі ұжымның заман талабына сай кәсіби бағытта дамуына жағдай жасау көрермендердің өскелең талабы десек артық болмас. Театрдың аудан халқының эстетикалық мәдени деңгейін көтеруге бағытталған шығармашылық концепциясын іске асыру үшін мүмкіндігінше штат бірлігін қарастырып, бюджетке алса актерлік білім алған жастармен толығып, кәсіби бағыт ұстанған ұжым кең ауқымды классикалық туындыларды сахналауға қол жеткізер еді. Жастардың жаңа қоғам құруда интеллектуалдық мәдениетінің кемелденуіне театр тағылымының қосар үлесін ескерсек, ұжымды бюджетке алу мәселесі мемлекетіміздің рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырудағы батыл қадам болары анық. Игілікті іске жаңаша қарайтын әкімшіліктің, қоғамдық ұйымдардың ыждағатты ынта-ықыласы қажет-ақ.
Ой түйіндесек, өнерді тудыратын да, тамашалайтын да, бағалайтын да адам. Шағын әңгімеде өмір театрында адамды адам болып қалуға жетелеген өнер театрының тәлімдерін төркініне жеткізе алмасақ, театрға келіп жандүниеңізбен сезініп көріңіз. Театрда кездескенше.
Жұмаден ТӘЖІҒАЛИ,
Р.Ғабдиев атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрінің
негізін қалаушы