Жастар жылын ауыл жастары ерекше ықыласпен қарсы алып, ән-жырға қосуда.
Таяуда Елтай ауылының жалынды да өнерлі жастары «Жаса, жайна елімнің рухты жастары» тақырыбында Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы, Шабдаржап ауылында мерекелік концерт қойып, Ынтымақ пен Аққала, Елтай ауылындарында да жалғасын табуы осының айқын дәлелі.
Мерекелік кештерде Абылай Әлібекұлы, Нұрсұлтан Қайырлыұлы, Бекарыс Өтемісұлы, Меруерт Болатқызы, Сабыржан Қабдолов, Бекарыс Меңдіқұлов, Шәрбәт пен Мөлдір және Қуаныш Қайырбаевтар әннен шашу шашса, ал «Назқоңыр» мен «Жалын» тобы инструменталды аспапта ойнап, көпшілікке мерекелік кеш сыйлады. Алдарына мақсат қойып, тыңғылықты істерге жоспар жасаған жігерлі өнерпаздардың бұл ісі көпке үлгі болғандай.
Салтанатты шара аясында «Шабдаржап», «Ынтымақ», «Аққала» мәдениет үйінің директорлары Біржан Дүйсенов, Құмар Қалиев, Камалиден Ізімовтер шығармашылық ұжымның «Жастар жылын» зор тебіреніспен бастағанын айтып, оларға қолдау білдіріп, ағалық ақжарма тілектерін арнады Алғыс хат табыс етті.
-Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп белгілеп беруі – біз үшін үлкен мәртебе. Әрине, осы жылы ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді ұйымдастырып, оларды спорт пен мәдени-рухани шаралармен қамтылса нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ ауылдың жастарының өз кәсібін ашуына қолдау көрсетіп, олардың ұшқыр қиялдарын, жалынды күш-жігерін халық тұрмысына, ауыл өміріне жұмылдырса екен,- дейді Елтай мәдениет үйінің қызметкері Сабыржан Қабдолов.
Атамекеннің жас ұландары «Жастар жылын» осылайша лайықты қарсы алып, өз үлестерін қосуда.
Диас АЙБАР.