Суық түскен уақытта біз тұмау мен ЖРВИ (жедел респираторлық вирустық инфекция) ауруларының алдын алу шаралары мәселесін көтеруге тырысамыз.
Ай сайынғы статистикалық мәлімет бойынша ауданымызда жіті респираторлы вирустық жұқпасы былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есеге (36) өскені байқалады.
Тұмаудың алдын алудың жолдары: Ең тиімді алдын алу әдісі – тұмауға қарсы вакцина егіледі, оның ішіндегі ең тиімдісі – тазартылған вириондық вакцина. Вакцина егуді күзде қазан айында бастаған тиімді, себебі тұмау індеті қараша мен наурыз айлары аралығында болады және де екпе алғаннан кейін организмде иммунитет пайда болғанға дейін 14 күннен 1 айға дейін уақыт керек. Вакцинациядан кейін иммунитет 6 ай бойы сақталады. Аудан бойынша тұмауға қарсы вакцина алуға жергілікті бюджеттен 1700 доза вакцина алынып, 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы екпе жұмыстары, халықтың неғұрлым осал топтары (60 жастан асқан адамдар, созылмалы өкпе, жүрек–қан тамыры аурулары, иммундық жетіспеушілігі бар ересектер мен балалар, әлсіз және жиі ауратын балалар, медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер) тұмауға қарсы екпемен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар мектеп, бала-бақша, ХҚО, банк, почта қызметкерлері, сауда-саттықпен айналысатын жеке кәсіпкерлер, яғни халыққа қызмет көрсететін адамдарға емханадан тұмауға қарсы міндетті екпе ақылы түрде жүргізіледі. Тұмау індеті басталғаннан кейін вакцина егуге қарсы көрсетілім бар деген қате пікірлер бар. Бірақ, егер қандай да бір себептермен вакцинация уақтылы жүргізілмеген болса, онда вакцинаны тұмау індеті басталғаннан кейін де алуға болады. Тек егер де адам тұмау вирусын жұқтырғаннан кейін егілген болса вакцина тиімсіз болуы мүмкін.
–эпидемия кезінде адамдармен байланысыңызды мүмкіндігінше азайтуға тырысыңыз (қоғамдық көліктермен сирек жүріп, қонаққа барудан бас тартыңыз);
–бөлмеңізді, үйіңізді жиі желдетіп, ылғалды түрде жиыстырып қойыңыз. Ол тек ауру адамға емес, сол сияқты айналасындағы адамдарға қажет, себебі таза ауада тұмаудың вирусы тез өледі;
–мұрныңыздың шырышты қабығын интерферонды қолдана отырып, 0,25 пайызды оксалин майымен майлап қойыңыз;
–сарымсақ, пияз сонымен қатар құрамында С,А,В дәрумені бар өнімдерді көбірек пайдаланыңыз (лимон, орамжапырақ, қара қарақат); –төрт қабатты дәкелі таңғышты қолданыңыз;
–таза ауада жүйелі түрде серуендеу, денешынықтырумен және спортпен айналысуды қолға алыңыз;
–тұмаудың алғашқы белгілері біліне бастаған кезде ауру адамды оқшаулап, міндетті түрде дәрігерді үйге шақыртуы керек. Ал 1 жасқа дейінгі балалар және жүкті әйелдер ауруханада ем алады.
Бүгінгі күні қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен орталық аурухана тұмау ауруының көтерілуі кезеңіне дайындық жұмыстарына кешенді жоспар жасақтап, соған сәйкес, емдеу алды мекемелерінде маскалық режим, міндетті түрде дәрігерлік көмекті үйде жүргізу, ауруханаларда тұмаудың асқынған, ауыр түрімен ауырғандар жататын орынды көбейту, семинарлар, ашық есік күндері, тағы басқа шаралар ұйымдастырылуда.