Индербор кентінің теміржол жағындағы бірнеше жылдан бері қоршаулы тұрған 21 га жердің қоршауы алынуда.
Аталған жер телімі 2006-2008 жылдары аудандағы ірі кәсіпорын - «ИСИГипсИндер» ЖШС-не болашақ зауыт құрылысын салу үшін берілгені туралы тұрғындар жиынында айтылған. Содан бері тиянақты қоршалып қойғанымен еш жұмыс жасалмағаннан кейін тұрғындар арасында реніштер орын алды. Әсіресе, тұрғын Ғ.Габдуллина мал жайылымының тарылғанын айтып, тұрғындар жиындарында бұл мәселе талай мәрте көтеріліп, газетке де жазылды. Аудандық жер бөлімінің басшысы Амангелді Саламаттың айтуынша, Атырау облыстық мамандандырылған экономикалық сотының 2017 жылғы 27 қыркүйектегі шешімімен 21 га жер мемлекет меншігіне қайтарып алынды.
Индербор кенті әкімі Асхат Аймұратов аталған жердің алдымен қоршаулары алына басталғанын, бағаналары да көп кешікпей алынып, тегістелетінін қаперге берді. Қазір қоршаулары алынған жерде тұрғындардың малы жайылуда.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.